ШҚО-да қар көшкіні жүру қаупі бар кезең басталды

0
1 377


ШҚО-да қар көшкіні жүру қаупі бар кезең басталды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні жүру қаупі бар кезең басталды, деп жазады Kazinform.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша қар көшкіні жүру қаупі бар кезең қараша айының ортасынан сәуірге дейін созылады.

«Облыс бойынша 497 учаскеде қар көшкіні жүруі мүмкін. Оның 325-і нысандарға және адамдар өміріне қауіп төндіреді. Сондай-ақ 93 шақырым көлік жолы қар көшкініне ұшырауы ықтимал», – дейді «Қазселденқорғау» мекемесі ШҚО филиалының басшысы Советбек Станбеков.

Биыл Алтай ауданы Зубовская тауында және Катонқарағай ауданының Собачья тауында қар ұстайтын қалқандарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Қар көшкіні негізінен қар көп жиналатын таулы аудандарда болады. Көшкіннің түсуіне ұзақ уақыт тоқтаусыз қардың жаууы, қарқынды еруі себеп болуы мүмкін.

Көшкін адам шуы мен айқайдан да түседі. Егер сіз адамның қар көшкінінің астында қалғанына куә болсаңыз, төмендегідей әрекет етуіңіз керек:

– Адамды соңғы рет көрген жерді есте сақтаңыз және сол жерді белгілеңіз.

– Құтқарушыларды шақырыңыз.

– Қар көшкінінде қалған адамды іздеңіз. Оны тапқаннан кейін ең алдымен басын босатыңыз, аузын және тыныс алу жолдарын тазалаңыз.

– Жүрегі тоқтап қалу белгілері байқалған кезде реанимациялық шараларға кірісіңіз.

– Егер жәбірленуші есінен танып қалмаса, онда оны жылытып, ыстық сусын беріңіз.