СІМ: Қазақстан Еуропа босқындарын қабылдамайды

0
83


СІМ: Қазақстан Еуропа босқындарын қабылдамайды

Фото: Ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Қазақстан Еуропадан келген босқындарды қабылдамайды. Сыртқы істер министрлігі мұндай ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады Ulysmedia.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қазақстан Еуроодақпен немесе оған мүше мемлекеттермен босқындарды қабылдау туралы келісім жасаспағанын айтты.

“ Қазақстан тарапы Еуропалық Одақпен немесе оған мүше мемлекеттермен ел аумағында ҚР азаматы болып табылмайтын және еуропалық мемлекеттерден қайтарылуға немесе депортациялануға тиіс тұлғаларды қабылдау, ұстау, транзиттеу немесе орналастыру орталықтарын құру бойынша келіссөздер жүргізген жоқ», – деді ол баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Еуроодақ азаматтарға виза алуды жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда ол Қазақстан өзге елдерден депортацияланған азаматтарды өз аумағына кіргізеді дегенді білдірмейді.

Контекст

Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Еуропалық одақтың Қазақстан мен Өзбекстан аумағында мигранттар мен босқындарды орналастыруға арналған арнайы орталықтар құруды қарастырып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Бастаманы қолдаушы елдер қатарында Нидерланд, Аустрия, Дания, Германия және Грекия мемлекеттері аталған.