Солтүстік өңірлерде Сізді мол мүмкіндік күтеді

0
341

Мемлекет билігі тұрғындарды көшіріп қана қоймай, халқы тығыз орналасқан аймақтардан барғандарға үй, жұмыс, кәсіп, мал-мүлік, жер сынды мәселелерді шешу бойынша қолдау көрсетіп келе жатыр.


Солтүстік өңірлерде Сізді мол мүмкіндік күтеді

Бәріңіз білесіздер, бүгінде еліміздің Солтүстігінде орналасқан бірнеше өңірде халық саны азайып, жұмыс күші жетіспей жатыр. Осыған орай ел Үкіметі бірнеше жыл бұрын арнайы бағдарлама бекітіп, Оңтүстік өңірлердің тұрғындарын ерікті түрде көшіру жұмыстарын бастаған болатын. Мемлекет билігі тұрғындарды көшіріп қана қоймай, халқы тығыз орналасқан аймақтардан барғандарға үй, жұмыс, кәсіп, мал-мүлік, жер сынды мәселелерді шешу бойынша қолдау көрсетіп келе жатыр. Тиісінше, жыл сайын Теріскейге қоныс аударып, тіршілігіне бейімделіп жатқандар да аз емес. Мәселен, осы іс-шара қолға алынған 2015 жылдан бері бір ғана Түркістан облысынан 15 мыңға жуық азамат немесе үш жарым мыңға жуық отбасы қоныс аударыпты. Осылайша бір ғана облыстың көрсеткіші жалпы үлестің отыз пайыздан астамын құраған. Тіпті, 2024 жылдың басынан қыркүйек айына дейін мемлекет тарапынан бөлінген квоталар арқылы үш жүзге жуық түркістандық отбасы немесе 1100-ден аса азамат Теріскейге көшкен. Осы ретте «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу» жоспары бойынша тамыз айының соңында Павлодар және Солтүстік Қазақстан өңірлерінің өкілдері Түркістан облысына арнайы ат басын бұрып, бірнеше ауданның азаматтарымен кездескенін де айта кету керек. Нақтырақ айтқанда, қоныс аударуға шақыратын жұмысшы топ халық саны көп Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш,Келес, Сайрам сынды бірқатар ауданда болып, солтүстікке көшудің тиімді тұстарын түсіндіріп, көкейдегі сауалдарға жауап берген. Нәтижесінде аталған бағыттағы іс-шараларға мыңға жуық адам қатысқан.


Тағы бір айта кетерлік жағдай, әр кезеңде Солтүстік аймақтарға көшкен түркістандықтар сұраусыз немесе іздеусіз қалып жатқан жоқ. Жыл сайын жергілікті билік өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінен арнайы құрылған жұмысшы топтар Теріскейге барып, қоныс аударғандардың жай-күйімен танысып жатыр. Бірнеше күн бұрын ғана осындай кезекті баспасөз-туры ұйымдастырылып, Түркістан облысы әкімдігінің қызметшілері, өңір журналистері мен қоғам белсенділері Солтүстік Қазақстан облысы мен Павлодар облысына барып қайтты.


Көпшлікке танымал қоғам белсендісі, журналист, осынау қоныс аудару үрдісіне сүбелі үлес қосып жүрген Қайрат Кәрібаевтың айтуынша, жыл сайын халық тығыз орналасқан өңірлерден солтүстікке бет алып, қоныс теуіп жатқандар көбейіп келеді. Мұндай көрсеткіштің басты себебі — мемлекет билігі тарапынан қоныс аударушыларға жағдай жасалып, қолдау көрсетіліп, жаңа жұмыс орындарының құрылуы.


«Қоныс аударған адамдардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында арнайы құрылған түркістандық топ 15-20 қыркүйек аралығында Павлодар және Солтүстік Қазақстан өңірлеріне барды. Делегация құрамында жергілікті басылымдар, телеарналар мен ақпараттық порталдардың қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, облыстық қоғамдық даму басқармасы және мансап орталығының мүшелері бар. Кезекті ақпараттық тур еліміздің ең солтүстігіндегі облыс орталығы Петропавл қаласынан басталып, жұмысшы топ бірінші «Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығының» қызметімен танысты. Мұндағы жұмысшылар қоныс аударуға ниетті тұрғындардың барлық сұрағына жауап беру бағыты бойынша еңбек етеді. Орталық басшысы Ануар Тоқпан есімді азаматтың айтуынша, бүгінгі таңда күнгей өлкелерден хабарласатын азаматтар саны бұрынғыға қарағанда едәуір көбейген екен», - дейді Қайрат Кәрібаев.

Ақпараттық тур аясындағы кезекті нысан Солтүстік Қазақстан облысындағы «Еңбек мобилділігі орталығы» еді. Журналистер сауалдарына жауап берген мекеме басшысы Аман Төрегелдиннің сөзіне сүйенсек, облыста Оңтүстік аймақтардан көшіп келушілерге бөлінген мемлекеттік квотаның 60 пайызы ғана орындалыпты. Аталған көрсеткіштің төмендеуіне биылғы су тасқынының зардаптары әсер еткен көрінеді. Айтуынша, су тасқыны тек Есіл бойына қоныс тепкен елді мекендерді алаңдатқанымен, Мәмлүт, Айыртау секілді өзеннен алыс орналасқан аудандарға әсер етпеген. Сәйкесінше, көптеген азамат сол аудандарды таңдайды екен. Әсіресе, Айыртау аумағы агроөнеркәсіппен айналысуға, жеке бизнесті дамытуға, тіпті туризм саласы бойынша еңбек етуге өте қолайлы көрінеді. Демек, оңтүстікқазақстандықтардың көшін солай қарай бұрса, Солтүстік Қазақстанның да жағдайы жақсара түспек.


Дегенмен, Түркістан облысынан Петропавл қаласына көшіп барғандардың да жағдайы жаман емес. Солардың бірі осыдан жеті жыл бұрын қоныс аударып, бірер жыл бұрын сол шаһардан жеке шашатараз ашып, биыл екінші нысанын іске қосқан Қасым Амангелді. Бағдарламашы мамандығын меңгерген оның кәсіпкерліктің бұл саласына келуіне бәсекелестің болмауы ықпал еткен. Бүгінде Петропавл қаласының қалың жұрты Қасымның қол астында жұмыс істейтін 15 шебердің қызметіне жүгінеді екен.


Ал, сөз барысында атап өткен Айыртау ауданына қоныстанған түркістандық Балтабаев Нуриддин бүгінде аудандық ауруханада балалар дәрігері болып жұмыс істейді. Дипломын қолына ала сала Солтүстікке бет алған оның мұнда келгеніне екі жылдан асып қалыпты. Осы уақыт аралығында дәрігер азамат үстемақыға екі жарым миллион теңге көлемінде қаржы, мемлекет тарапынан бір реттік жәрдемақы және аудан әкімдігінен жәрдемақы алған екен.

Айыртау ауданының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп жүрген тағы бір түркістандық – Кентау қаласында туып-өскен, солтүстікке бес жыл уақыт бұрын көшкен, бүгінде аға дәрігер қызметін атқаратын Аян Ерханұлы. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде жоғары білім алған ол бес жылда жергілікті тұрмыс-тіршілікке әбден бейімделіп алыпты.


Ал, Түлкібас ауданының тумасы Балқыбек Шыназбек бүгінгі таңда СҚО-дағы іргелі кәсіпорындардың бірі — «Элеватор Тайынша» жауапкершілігі шектеулі серкітестігін басқарып отыр. Аталған нысанда жергілікті тұрғындар ғана емес, Оңтүстіктен қоныс аударған отыздан аса азамат қызмет етіп жатыр. Олардың арасында бұрын түрлі салада еңбек етіп, тұрақты жұмыс таба алмай, осы серіктестікке тұрақтаған Үсенбаев Ерік, Дәулет сынды азаматтар бар. Олар бұл ауданнан жұмыс тауып қана қоймай, жеке баспана да алған. Дегенмен, қазіргі уақытта аталған нысанға жүзге тарта жұмысшы жетіспейді екен.


Бірнеше сала мамандарынан құрылған жұмысшы топ Аққайың ауданының орталығына барып, сол елді мекеннен тамақтану орнын ашқан сарыағаштық Усмановтар отбасының кәсібімен танысты. Әбдулмүтәліп пен Қымбат есімді ерлі-зайыптылар бұл аймаққа 2017 жылы көшіп барған. Сонымен бірге, мұнда Сайрам ауданынан қоныс аударып, үш жылдан бері денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген Атқам есімді азамат та тұрады. Университет бітіре сала солтүстікке көшкен ол осы жерде отбасын құрып, ұрпақ сүйіп, екі миллион теңгеден аса көтерме жәрдемақы алыпты.


Негізінде Аққайыңға Атқамнан бөлек тағы төрт дәрігер қоныс аударған. Барлығы да аудандық ауруханада қызмет етіп жүр. Бұлардан бөлек, Түркістаннан Теріскейге көшкен тағы бірнеше дәрігер жұмыс істейді екен. Барлығы да Түркістан облысының орталығындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің түлектері. Олар осында көшер кезде өзара уағдаласқан да екен. Соның арқасында қазір де бір үйдің балаларындай аралас-құралас болып күн кешіп жатыр.

Тайынша ауданына қоныс аударған тағы бір дәрігер С.Шауқатов Манкент ауылымен 2020 жылы қоштасқан. Ол да Түркістан қаласындағы ХҚТУ-дың түлегі. Жалпы, аталған медицина саласының мамандары бұл бағдарлама жайында осыдан 4 жыл бұрын enbek.kz сайтынан білген.


Одан бөлек, Тайынша ауданына көшіп барған ерлі-зайыпты Темір мен Алмагүл «Надежда» деген атау алған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жұмыс істеп қана қоймай, жаз мезгілінде қарбыз егеді. Бүгінде олардың жеке баспанасы, алты сотық жер бар.


Түркістандық топтың Павлодар өңіріне жасаған ақпараттық туры Ақсу қаласынан басталып, алдымен Теріскейге жалғыз келіп, сонда жүріп сайрамдық қызды жар етіп алған Жаппас Даниярдың тіршілігімен танысты. Қазір ол өмір сүріп жатқан бағасы сегіз миллион теңгені құрайтын үйдің жарты құнын мемлекет төлеген. Бүгінде Данияр сондағы ауылдардың бірінде мал дәрігері қызметін атқарады.


Ал, Мырзашөл өңірінен көшіп барған Мырзашәріпов Әбдуләзиз болса Ақсу қаласындағы мешітте имам. Ол да мемлекеттік қолдаулар арқылы қос бөлмелі баспанаға қол жеткізген.

Сондай-ақ, Шақат деп аталатын елді мекенде екі бірдей бұрынғы түркістандық қызмет етіп жатыр. Олар – шағалалы Шардарада туған Бекетаева Перизат пен сансыз бабтар мекені Сайрамда туған Сатимов Зикирулла. Бірі медициналық психолог болса, екіншісі балалар дәрігері. Екеуі де аудан әкімдігінің үстемақысын алған. 2024 жылдың көктемінде Павлодарға көшкен сарыағаштық Қалтаев Жандос 15 сотық жер телімін алып, зәулім баспана тұрғызыпты. Өмірлік жары дүкенде саудагер. Алдағы уақытта ұлы мен келіні де осында қоныс аудармақ. «Мұнда жұмыс өте көп. Қолымның ептілігін көрген көршілерім де қуанып жүр. Тіпті жұмыс ұсынушылар кезекке тұрып алыпты» - дейді ол.


Жалпы, еліміздің Солтүстігінде қыс қытымыр демесеңіз, басқа қажеттіліктің барлығы бар. Табиғаты да, ауа райы да тамаша. Еңбек етіп жемісін жеймін, өз ісімді жандандырамын дейтін іскер азамат үшін жер де, қолдау да жеткілікті екен.


Сөз реті келгенде биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отанына оралған «қандастар» мен Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылар үшін жеті мыңнан аса квота бөлгенін атап өткіміз келеді. Бұл квоталар жеті облысқа бағытталған. Атап өтсек, 2700-ден астамы Солтүстік Қазақстан, 2600-ден астамы Павлодар, мыңға жуығы Қостанай, 400-ге жуығы Шығыс, 250-ден астамы Абай, 130-дан астамы Ұлытау, отыздан астамы Қарағанды облыстарына арналған. Мемлекет тарапынан аталған аймақтарға қоныс аударған жанұялардың әрбір мүшесіне жетпіс айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік қаржылай қолдау және баспана жалдауға ақша беріледі. Сонымен қатар, жергілікті билік қоныс аударушыларға кәсіби білім алу, жұмысқа орналасу және баспана сатып алу бойынша көмек беруі тиіс. Одан бөлек, көшіп барғандарға жұмыс ұсынған мекемелерге 4000 АЕК көлемінде субсидия да бөлінеді.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ