Солтүстікке көшкендерге жан-жақты қолдау көрсетіледі

0
160

СҚО-ға 400-ден аса жанұя қоныс аударып, жүзден аса қандас азамат қоныс тепкен.


Солтүстікке көшкендерге жан-жақты қолдау көрсетіледі

Соңғы жылдары еліміздегі жұмыс күші көп өңірлердің тұрғындарын Қазақстанның Солтүстігіне көшіру үрдісі жүйеленіп келе жатыр. Мәселен, биылғы жылдың өзінде ел көлемінде осы бағытқа арналған жеті мыңнан аса квота бөлініп, көшуге ниеттілер мен қандас мәртебесін алғандарға қолдау жасайтын жеті өңір нақтыланған. Соның ішінде әсіресе Түркістан облысының тұрғындары белсенділік танытып, 2024 жылдың басынан бері бір мың екі жүзден аса адам қоныс аударып үлгеріпті. Бұл дегеніміз үш жүзге жуық жанұя. Осы орайда күні кеше өңірге Солтүстік Қазақстан облысының ресми өкілдері арнайы келіп, тағы да көші-қон бағытындағы үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Аталған делегациямен облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Тәжібаев Бейсенбай арнайы кездесіп, түрлі мәселелерді талқыға салды.


Бейсенбай Дәулетұлы өз сөзінде өңірде екі миллион екі жүз мыңға жуық тұрғын бар екенін, демографиялық көрсеткіш те жоғары деңгейде екенін айтты. Сонымен қатар өңір басшысы Дархан Сатыбалды жұмыссыздық пен әлеуметтік ахуалды реттеу мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізуді тапсырғанын жеткізді. Сәйкесінше, Солтүстік өңірлерге қоныс аудару – бұл мәселелерді шешудің тиімді бір жолы болып отыр екен. Сондай-ақ, Солтүстіктен бейімдеу орталығын ашу туралы жасалған ұсыныс та көші-қон саласына серпін беретін көрінеді.


«Аталған бастаманы демеушілер мен кәсіпкерлердің тікелей қолдауымен іске асыруға болады деп ойлаймын. Бұл проблема күн тәртібінен түспеуі тиіс», – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.


Сондай-ақ, аталған кездесуде Петропавлдағы «Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығының» директоры Тоқпан Әнуар көші-қон бағытында іске асырылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, Солтүстікке қоныс аудару үрдісі 2015 жылы басталғанымен, бүкіләлемдік пандемияның кезінде аталған жұмыстар тұралап қалғанын және өткен жылы ғана жандана бастағанын жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, сонау Тәуелсіздік жылдарында өңірде бір миллионға жуық тұрғын өмір сүрген болса, қазіргі уақытта солардың жартысынан астамы ғана қалған екен. Ал биыл СҚО-ға 400-ден аса жанұя қоныс аударып, жүзден аса қандас азамат қоныс тепкен.


Бұл жиынға көпшілікке танымал, әлеуметтік желіде есімі қалыптасқан, Солтүтікке көштің көшін бастап жүрген «Tauekel» ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов та қатысып, бірнеше жаңалықпен бөлісті. Ол айтқан жаңалықтардың арасында қуанышты хабарлар да бар екен. Мәселен, 25 қазан күні аталып өткен «Республика күні» мерекесі қарсаңында өңірде бес бірдей ана «Алтын алқа» иегері атанған. Ал олардың үшеуі Түркістан облысынан көшіп барған екен. Одан бөлек, Бурахан Дақанов көшіп барған әрбір азаматқа мемлекет тарапынан 258 440 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп жатқанын, алайда көші-қон жұмыстарын жандандыру үшін бұл қаржы аздық ететінін айтты. Оған қоса, қоныс аударғандарға баспана жалдау, жаңадан салу және сатып алу үшін, білім алу, өз бизнестерін дамыту мен жұмысқа орналасу тұрғысынан қолдау жасалатынын жеткізді. Тіпті, өткен жылы Солтүстікке көшіп барып, үй салу немесе сатып алуға ниеттенген азаматтарға үй құнының жартысын өтеп беру тетігі іске қосылған.


Айта кетсек, алдағы күндері Солтүстік Қазақстан облысынан келген насихат тобы өңірдегі халық тығыз орналасқан аудан, қалаларда тұрғындармен кездеседі. Атап айтқанда Арыс қаласы, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара, Келес,Қазығұрт аудандарында кездесулер өткізіледі. Ал бұған дейін Ордабасы, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Аталған кездесулерде азаматтарға көптеген тиімді ақпарат беріліп, көші-қонға қатысты сұрақтарға жауап беріледі.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Бөлісу