Соңғы қоңырауды түрмеде өткізген оқушы өкінішін айтты

0
1 447

Биылғы 18 түлектің төртеуі – оқу екпіндісі.


Соңғы қоңырауды түрмеде өткізген оқушы өкінішін айтты

ERNUR.KZ. Ақтөбедегі "КА 168-2" абақтысынан биыл 17 сотталушы кешкі мектепті бітірді. Соңғы қоңырау кешінде марапатталған 23 жастағы жігіт түрмеге колледждің 3 курсын оқып жүргенде адам жарақаттап түскен. Бүгін ол 11 сыныпты аяқтады деп хабарлайды kaz.nur.kz.

Жазасын өтеуші Арман Қайырбаев өткеніне өкінетінін жеткізді.

"Өкінемін, әрине қатты өкінемін. Мұнда өткен әр күнім бостан-босқа өтіп жатыр. Одан да отбасымның қасында отырғаным жақсы еді. Тезірек отбасыма оралып, оқуымды жалғастырғым келеді",-деді ол.
фото: NUR.KZ
Түзету мекемесінің мамандары абақтыдағы кешкі мектепте парта, оқулық, тіпті компьютер де бар екенін алға тартты.

Олар тек тәртіп басқа екенін атап өтті. Оқу процесінің өзі күзетшінің бақылауымен өтеді. Бостандықта жүргенде оқығысы келмегендер бұл жақта білім алуға мәжбүр. Әрі 30 жасқа толмаған жазасын өтеушілерден оқуға құлықты ма, жоқ па, сұрап жатпайды, өйткені, барлығына орта білім алу міндеттелген.

фото: NUR.KZ


Ұстаздар ұры-қары, бұзақының арасында да оқуға ынталы, өнерлілер бар екенін жеткізді.

"Кейбір оқушылар өте жақсы бағаға оқыды. Биылғы 18 түлектің төртеуі – оқу екпіндісі. Мектеп басшылығы оларды үнемі марапаттап отырады",-деді мекеменің бас маманы Руслан Төлегенов.

фото: NUR.KZ

Сотталғандарды алда емтихандар күтіп тұр. Орта білім туралы аттестатпен шектелгісі келмесе, мекеме басшылығы оларға да жағдай жасап қойған. Жергілікті университетпен бірлесе пилоттық жобаны қолға алыпты. Яғни жазасын өтеушілер қашықтықтан оқыту арқылы арнайы курстарды тәмамдап, сертификат алады.

Биылдың өзінде 2 жазасын өтеуші кәсіпкерлік курсынан өткені хабарланды.

фото: NUR.KZ