Стамбулда Қазақстан азаматы қаза тапты: Оқиғаның жай-жапсарына қатысты тың деректер

0
102

​Күдіктілер елден шығып кетпек болған жерінде ұсталды.


Стамбулда Қазақстан азаматы қаза тапты: Оқиғаның жай-жапсарына қатысты тың деректер

фото:baq.kz.

ERNUR.KZ. Стамбулда курьер болып істеген Қазақстан азаматын атып кетті. Іс бойынша тың деректер белгілі болды, деп жазады baq.kz.

Не болды?

Оқиға Фатих ауданындағы Зейнеп Камиль көшесінде болған. Белгісіз тұлға жеке компаниялардың бірінде курьер болып еңбек еткен Қазақстан азаматы Ариф Исмаиловқа оқ жаудырған. Ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.

Түрік БАҚ-тары не деп жазды?

Түркиялық БАҚ мәліметінше, күдіктілер қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнынан көлікпен қашып кеткен. Кейінірек олардың шекара маңындағы Эдирне қаласына қарай бет алғаны белгілі болды.

Жедел ақпарат алғаннан кейін құқық қорғау органдары ауқымды іздеу операциясын бастады, оған тіпті ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) жұмылдырылды. Нәтижесінде, екі күдікті елден жаяу шығып кетпек болған жерінде шекараға жақын маңда қолға түсті. Олардың Грузия азаматтары екені хабарланды.

Күдіктілер шекарадан өтпек болған, бірақ полиция қызметкерлері оларды ұстады, - делінген басылымдарда.

Медициналық тексеруден өткеннен кейін олар Стамбул полициясына тапсырылды.

Сондай-ақ, күдіктілер мінген көліктің жүргізушісіне қатысты бөлек тергеу басталды. Ол адамдарды заңсыз тасымалдауға қатысы бар деп күдіктелуде.

Қазақстан СІМ-нің түсініктемесі

ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаны растады.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 31 наурызда Фатих ауданында Қазақстан азаматына қатысты орын алған оқиғадан хабардар. Қазіргі уақытта Түркия Республикасының құзыретті органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасының Стамбулдағы Бас консулдығы марқұмның туыстарына қажетті көмек көрсетуде. Мәселе бақылауда, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске салайық, бұған дейін Түркияда көшеде Қазақстан азаматын атып кеткені хабарланды.

Содан кейін ҚР СІМ Стамбулда Қазақстан азаматының қаза тапқанын растады.