Сондай-ақ су шаруашылығының кәсіпорындарында өндірістік практикадан өтетін студенттердің саны артты.
ERNUR.KZ. Су шаруашылығы кәсіпорындарында 10 мыңға жуық маман қызмет етеді. Жаңа құрылыс нысандарының салынуына байланысты және су шаруашылығы саласы жұмыскерлерінің жасына жасалған талдау нәтижесінде алдағы 4-5 жылда су шаруашылығы мамандарына қажеттілік 2 мыңдай адамды құрамақ. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпованың ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлауынша, саладағы білікті мамандардың тапшылығын шешу мақсатында 2024 жылғы шілдеде «Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» құрылды.
Сондай-ақ су шаруашылығының кәсіпорындарында өндірістік практикадан өтетін студенттердің саны артты. Салыстыру үшін, өткен жылы практикадан 82 студент өтсе, ағымдағы жылы практикадан өткен студенттердің саны 339, оның ішінде 288 университет, 51 колледж студенттері. Спикердің айтуынша, су саласы мамандықтарына бөлінетін білім гранттарының саны артты.
«2025-2026 оқу жылына гидрогеология және гидрология сияқты пәнаралық мамандықтарды есептемегенде барлығы 1052 грант бөлінді. Бір жыл бұрын су саласының мамандықтарына 618 грант бөлінген болатын. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті алғаш рет «Гидромелиорация» мамандығы бойынша студенттерді қабылдауды жоспарлап отыр»,-деді Л.Жүсіпова.
Сонымен қатар 2023 жылғы 24 қарашадағы Су ресурстары және ирригация министрінің №9 бұйрығымен «Су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация» саласындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес құрылды. Салалық кеңестің құрамына мүдделі министрліктер (Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Еңбек және халықты қорғау министрліктерінің), жоғары және арнайы орта оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері мен мол тәжірибесі бар мамандар кірді.
2023 жылғы 4 шiлдедегi № 14-VIII «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 5-тармағына сәйкес салалық мемлекеттік органдар салалық біліктілік шеңберлерінің негізінде кәсіптік стандарттарды әзірлеуді және (немесе) жаңартуды жүзеге асырады. Осы Заңның 4-тармағына сәйкес оқу орындары оқыту бағдарламаларында (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің, қайта даярлау мен біліктілікті арттыру және т.с.с. оқу орындары) тиісті кәсіптік стандарттардың талаптарын ескеруге тиіс.
2024 жылы Министрлік салалық кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, 2 салалық «Гидротехникалық мелиорация» және «Бөгеттер мен бөгендерді салу» кәсіптік стандарттарын өзектендірді. Бұл кәсіптік стандарттар жоғары оқу орындары мен колледждер үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қолданылады.
Бұдан бөлек, 2025 жылы 2 кәсіптік стандартты өзектендіру мен 9 жаңа кәсіптік стандарт әзірлеу жоспарланып отыр. Жалпы, су шаруашылығы саласын кадрлық қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында 2027 жылға дейін 11 кәсіптік стандарт өзектендіру мен 9 жаңа кәсіптік стандарт әзірлеу жұмыстары жоспарланған.