"Жеңгем киімдерімізді өртеп жіберіпті": алматылық әйел жақсылық жасағанына өкінетінін айтты

0
335

Күйеуімнің “Нең бар? Өзі білсін, араласпа, ақыл айтпа, тыныш жүр” деп не айтпақ болғанын енді түсіндім...


Сурет: br.pinterest.com

"Адамдарға көмектесіп, қолымнан келгенінше жәрдем бергім келеді. Артық дүниені беру, қиналғанға ақыл айту, қолымнан келгенше көмектесу – мен үшін қалыпты нәрсе. Кейде тіпті өз шаруамды ысырып қойып, көрші-қолаңның, әріптестердің мәселесін шешіп шауып жүрем" деген ERNUR.KZ оқырманы бұдан былай ешкімге жаны ашымайтынын айтып салды.


"Маған күйеуімнің ашуы келеді. "Сенен ол көмек сұрады ма? Неге ақ тер, көк тер боп жүрсің? Жақсылықты сұрағанға ғана жаса. Бекерге өзіңнің көңіл күйің түседі. Әй, қайдам, сен бұл әдетіңді қоя алмайсың. Бір күні басыңа таяқ боп тиеді немесе қатты көңілің қалады, сол кезде менің айтпақ болған ақылымды түсінерсің" дейтін ол.

Түсінгенім, адам біреудің айтқан ақылын тыңдамайды екен. Өмір ұстаз оқиғалар, жағдайлар арқылы өзі ұқтырады екен ғой. Күйеуімнің “Нең бар? Өзі білсін, араласпа, ақыл айтпа, тыныш жүр” деп не айтпақ болғанын енді түсіндім...

Жақында қыстық киімдерімді салып, көктемде киетін киімдерді шығарып, гардеробымды сұрыптадым. Киілмей тұрған киімдерімді біреуге берейін деп шештім. Біреуге қажет болар деп ойладым, мүмкін, сол киімдер біреудің келесі қысын жылытар, біреудің көңілін көтерер.

Әлеуметтік желідегі топтарға суретін салып, хабарлама қалдырып едім, бір қыз жекеме жазды "Мен аламын, маған беріңізші!" деп. Қашан алып кететінін сұрап едім, кешке інісін жіберетінін айтты. Қуана келістім.

Інісі келді, пакеттегі заттарды қолына ұстаттым. Бірер сағаттан кейін телефоныма хабарлама келді. Әлгі қыз "Кемпірлерский киімдеріңізді неменеге беріп жібергенсіз? Мазақ қылайын дедіңіз ба?" деп жазыпты. Кеудемде белгісіз сезімдер тоғысып, өкініш пен реніш пайда болды. Мен ешкімді кемсітіп, мазақтаған жоқпын ғой! Жақсылық жасағым келді, бірақ жауап ретінде жағымсыз сөздер естігеніме қапа болдым.

Бұл оқиға өткен жылғы бір жағдайды есіме түсірді. Үнемі қарыз-құрызын, несиесін айтып мұңын жырлайтын жеңгем бар. Ауылда тұрады, бес баласы бар, ағам құрылыста жұмыс істейді. Тапқандары әйтеуір жетпейді. "Көмек болсын, балалары жазда киіп тастайды" деп қыздарымның сыймай қалған таза киімдерін апарып бергенмін. Мақтанғаным емес, мен қыздарымды қымбат бутиктерден киіндірем. Сапалы киім тез тозбайды, оның үстіне қыздарым тоздырып кимейді, ай сайын жаңа киім ала береді. Тозбаған, жыртылмаған киімдерін жақсылап жуып, үш үлкен сөмкеге салып, ауылға жолым түскенде апарып бердім. Қуанып қабылдап алғандай болған. Бірақ кейін ағамның қызынан оның бәрін жеңгемнің өртеп жібергенін естідім.

Қалаға қыдырып келген Мерейден "Мен апарған киімдерді киіп жүрсіңдер ме?" деп, сөз арасында сұрай салғам. Ол "Мамам біз біреуден қалған киімді кимейміз" деп бәрін өртеп жіберді" деді. Сол кезде де жаман күй кешкенмін. Мына жағдай – соның қайталануы. Бір аптадай көңіл күйім болмай жүрді.

Бұл маған сабақ болды. Енді сұрамағанға ақыл-кеңес айтпаймын. Өзі қалап сұрамаса артық зат пен киімдерімді бермеймін. Көмек сұрамағанға да “Не болды, тыныштық па? Қандай жәрдем керек?” деп бәйек болмаймын."