«Таза Қазақстан»: елордалық оқушылар мектеп жанында жүгері мен күнбағыс екті

0
125

Мамыр айында, оқу жылының аяқталуына орай, №96 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімдері 10 «А» және 4 «А» сынып оқушыларымен бірлесіп экологиялық жобаны қолға алды.


«Таза Қазақстан»: елордалық оқушылар мектеп жанында жүгері мен күнбағыс екті

ERNUR.KZ. Ауқымды «Таза Қазақстан» экожобасы аясында мектеп аумағында жүгері мен күнбағыс егуге арналған тәжірибелік алаң жасалды. Бұл – жоғары сынып пен бастауыш сынып оқушыларының бірлескен зерттеу және тәжірибелік жұмысының үлгісі, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жоба топырақты зерттеп, оны егуге дайындау жағдайларын зерделеуден басталды. Оқушылар агротехниканың негіздерімен танысты: топырақты қалай дұрыс дайындау керек; тұқымдарды өңдеу қалай жүргізіледі; Қазақстанның (әсіресе Астана және Ақмола облысының) климатына қандай дақылдар түрлері сәйкес келеді, қандай сорттар құрғақшылық пен аязға төзімді.

Теориялық бөлімнен кейін оқушылар өздігінен жер телімін дайындап, егін екті. Өскіндер шыққан алғашқы күннен бастап олар бақылау күнделігін жүргізіп, өсімдіктің өсу кезеңдерін – өніп шығудан бастап жеміс беруіне дейінгі барлық процесті тіркеп отырды. Бұл дақылдардың өмірлік циклін толық бақылауға және бастапқы ғылыми баға беруге мүмкіндік берді.

Оқушылар жүгері мен күнбағыстың халық шаруашылығындағы маңыздылығына ерекше назар аударды: адам азығы ретінде (ботқа, май және т.б.); мал шаруашылығына арналған жемшөп базасы ретінде; экологиялық таза әрі пайдалы дақылдар ретінде.

Жоба мектептің экологиялық мәдениетті дамыту бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Оның жүзеге асырылуы ғылыми қызығушылықты, тәжірибелік дағдыларды және түрлі жастағы оқушылар арасындағы ынтымақтастықты ұштастыруға болатынын көрсетті.

Қыркүйек айында оқушылар өнімді жинап алған соң, оны мектеп асханасында тамақ дайындауға пайдаланып, салауатты тамақтану бағдарламасына енгізуді жоспарлап отыр.