Су тасқыны: Ақтөбеде 16 ауылда жол қатынасы үзілді

0
1 622

Көктемгі су тастығы кезеңі басталғалы бері жолдан су өтудің 15 дерегі тіркелді.


Су тасқыны: Ақтөбеде 16 ауылда жол қатынасы үзілді

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында 8 жолды су шайып кеткен. Қазір 16 ауылға қатынас жоқ, деп жазады inform.kz.

Ақтөбе облыстық ТЖД-і өңірдегі жағдай туралы соңғы мәліметтерді таратты. Көктемгі су тастығы кезеңі басталғалы бері жолдан су өтеудің 15 дерегі тіркелді. Бұл республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар. Сонымен бірге облыста барлығы 8 жолды су шайды.

— Су өту, су шаюдың салдарынан 16 ауылға қатынас үзілді. Олар Қобда, Мұғалжар, Ойыл, Алға аудандарындағы ауылдар. Барлығы 58 тұрғын үйге, сонымен бірге 10 бау-бақша ұжымындағы үйге су кірді. 225 аулада су тұр. Бұл Темір, Шалқар, Мұғалжар, Қобда, Ойыл аудандары мен Ақтөбе қаласындағы жағдай. Қазір 50 мың текше метр су сорылды. 40 мың құм толы қап төселді. 4 мың тонна инетті материал жеткізілді, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД бөлімінің бастығы Тарас Коваленко.

Оның айтуынша, бүгінгі дейін 761 адам эвакуацияланды. Оның 328-і бала. Эвакуацияланған адамдардың 411-і алдын ала дайындалған орындарға орналастырылды. Сонымен бірге өңірде 129 бас мал да қауіпсіз жерге жеткізілген.

— Алдын алу, құтқару жұмыстарына барлығы 1500 адам, 328 техника жұмылдырылды. Қазір Байғаниннің Жаңатаң ауылында, Қобданың Тасөткел ауылында, Темірдің Саркөл, Қобданың Қобда ауылында тасқынға қарсы күрес жұмысы жүріп жатыр. Қобда орталығында ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов бар. Ол бәрін өзі жеке бақылап отыр, — деді Тарас Коваленко.

Айта кетейік, өңірдегі Қобда ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.