Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иранға ресми сапармен барды

0
88


Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иранға ресми сапармен барды

Фото: СІМ

ERNUR.KZ. Иран тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды, деп жазады BAQ.KZ.

Сапар бағдарламасы Иран Президенті Масуд Пезешкианмен кездесуден басталып, тараптар қазақ-иран ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады және екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға ниеттерін растады. ҚР Сыртқы істер министрі Иран басшысына Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен Құрбан айт мерекесіне орай жолдаған құттықтауларын жеткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының 50 пайызға артқанын атап өтіп, бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға өзара мүдделілікті білдірді. Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін пайдалану және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселелерін қоса алғанда, көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыс перспективалары қарастырылды.

Сұхбаттастар сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға бейілді екенін растады.

Кездесу нәтижесінде Президент М.Пезешкиан қазақ-иран қатынастарының деңгейіне жоғары баға беріп, оларды мазмұнды түрде одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді. Ол сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа ізгі тілектерін жолдады.