Сыртқы істер министрлігі Jas Diplomat әлеуметтік жобасын бастады

0
2 171

Аталған жобаға 7 мемлекеттің – Бразилия, Германия, Грузия, Корея, Польша, Түркия және Жапония елшіліктері және елордалық №3, №4, №5, №6, №48, №75 и №81 мектеп-гимназиялары қатысуға келісім берді


Сыртқы істер министрлігі Jas Diplomat әлеуметтік жобасын бастады

ERNUR.KZ. ҚР Сыртқы істер министрлігі шетел дипломатиялық миссияларының және Астана қаласының мектеп-гимназияларының қатысуымен «Jas Diplomat» бірегей жобасын іске қосты. Іс-шара Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сыртқы саяси ведомствоның бастауымен Білім және ғылым министрлігінің, елорда әкімдігінің және БҰҰ моделі үйлестіруші орталығының қолдауымен қолға алынып отыр, деп жазады Baq.kz.

Жоба аясында Астана қаласының мемлекеттік мектептері мен шетелдік дипломатиялық миссиялар арасындағы ынтымақтастық көзделген. Осы жылғы қараша-желтоқсан айларында мектеп оқушыларына дипломатиялық қызметтің қыр-сырын тікелей дипломаттардың өздерінен білуге мүмкіндік беретін түрлі іс-шараларды өткізу жоспарланған. Жоба авторларының пайымдауынша, оқушылар өздері жұмыс жасаған шетелдік дипломаттардың елдерінің атынан сөз сөйлеп, БҰҰ моделіне сәйкес «Болашақ энергиясы» тақырыбында отырыс өткізеді.

Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шетелдік елшіліктер мен мектеп-гимназияларға осы жобаға қатысуға келісім бергендері үшін алғыс білдіріп, жобаның өскелең ұрпақтың ой-өрісінің кеңеюіне айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.

«Өткізіліп отырған іс-шараның Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында «Жастар жылы» болып жарияланған 2019 жылдың қарсаңында іске қосылуының маңызы ерекше», - деді Р. Василенко.

Аталған жобаға 7 мемлекеттің – Бразилия, Германия, Грузия, Корея, Польша, Түркия және Жапония елшіліктері және елордалық №3, №4, №5, №6, №48, №75 и №81 мектеп-гимназиялары қатысуға келісім берді.