Талдықорғанда 22 жастағы Серікжан Өміртайдың өліміне қатысты істі қарап, үкім шығарылды.
Фото: Almaty.tv
ERNUR.KZ. Сотталған адамға "Аса ауыр дене жарақатын келтіріп, абайсызда өлімге себеп болғаны" бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп жазады stan.kz.
Алайда қаза тапқан жігіттің туыстары осындай бап бойынша үкім шығарылуына келіспейді және апелляцияға шағымдануға ниетті. Олар бұл қылмыс алдын ала жоспарланған деп санайды. Оқиға осы жылдың жазында бір тұрғын үйдің ауласында болған. 26 маусым түнінде үй ауласында 22 жастағы жігіттің өмірі қиды. Куәгерлердің айтуынша, ол достарымен кешін тыныш өткізіп жатқан. Сол кезде көрші кіреберістен бірнеше жас жігіт шыққан. Бірнеше секунд ішінде қарапайым әңгіме қызу дауға ұласып кеткен. Куәгерлер еске алады, біреуінің қолында ас пышағы болған.
"Ол Өміртайды әңгімелесуге шақырды, кім шулағанын сұрамақшы болды. Мен артынан жүрдім. Сол кезде олардың арасында төбелес басталды. Жақындап барсам, Өміртай жерге жатып қалған. Футболкасында қан дақтары болды. Пышақты ол алдын ала қалтасына салып қойған екен. Біз мұндай жағдай болар деп ойлаған жоқпыз", – деді куәгер Шыңғыс Мұрат.
Талдықорған қалалық соты сотталушыны "Аса ауыр дене жарақатын келтіріп, абайсызда адамның өліміне себеп болғаны" бойынша кінәлі деп танып, орта қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
"Сот Бейтілеу Даниярды Қылмыстық кодекстің 106-бап, 3-бөлімі бойынша "Аса ауыр дене жарақатын келтіріп, адамның өліміне абайсызда себеп болу" бойынша кінәлі деп таныды. Оған орта қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза мерзімі үкім заңды күшіне енген сәттен бастап есептеледі", – деді Талдықорған сотының төрағасының міндетін атқарушы Әлібек Әбдіхайев.
Алайда қаза тапқан жігіттің отбасы осындай шешімге қарсы. Туыстары бұл өлімнің кездейсоқ емес екенін, Өміртайдың өмірі алдын ала жоспарланып, қасақана қиянат жасалғанын дәлелдегісі келеді.
Қаза тапқан Серікжан Өміртайдың әкесі сот шешімімен келіспейтінін айтып, істі қасақана адам өлтіру бабымен қайта қарауды талап етті. Оның айтуынша, ұлы Үштөбеден Талдықорғанға жұмыс істеуге келіп, отбасына қаржылай көмектесіп жүрген. Туыстарының сөзінше, күдікті оқиға алдында балконнан "өлтіремін" деп айғайлап, пышақты әдейі алып шыққан. Өміртайдың отбасы кінәлі адам әділ жазасын алуға тиіс деп есептейді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде қазақша күрестен жаттығу кезінде 15 жастағы жасөспірім көз жұмғанынжазған едік. Жарыс кезінде медициналық қызметкер болмағаны белгілі болды. Ата-анасы баласына дер кезінде көмек көрсетілмегенін айтып, ұйымдастырушыларды айыптайды. Полиция іс қозғағанымен, кейін "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатты. Жауапты бапкер ғана жұмыстан босатылған.