Күдікті оңтүстік астанада білім алып жүрген.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері интернет алаяқтық жасаған екі күдіктіні ұстады, деп жазады ҚазАқпарат.
Полиция департаментінің мәліметінше, олардың бірі танысын алдаса енді бірі өзге бейтаныс адамды алдап соққан.
Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері алаяқты ұстау үшін Алматыға барған. 23 жастағы күдікті СҚО тумасы оңтүстік астанада білім алып жүрген.
"Бұл жолы қаскүнем өзінің жерлес танысын алдап соққан. Ол стипендиясын аудару үшін жеке куәлігі мен банк картасының суреттерін жіберуін сұраған. Іс жүзінде, оның атынан шағын несиелеу ұйымдарынан 30-50 мың теңге көлемінде 5 қарыз алған. Зардап шегуші бұл туралы бір ай өткеннен кейін, несие беруші қарызын қайтаруын сұрағанда бір-ақ білген", - деді баспасөз қызметінен.
Ал 36 жастағы Теміртау қаласының тұрғыны интернет-алаяқтықтың ең жеңіл түрін қолданған.
"Qiwi-әмиянға алдын ала төлем жіберуін сұраған. Әлеуметтік желіден құжаттарды және құнды заттарды жоғалтып алғаны туралы хабарламаны көріп, тауып алғанын айтқан және сыйақыға оларды қайтарып беруге уәде еткен. Ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған.
"Екі факті де Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тіркеліміне "Алаяқтық" бабы бойынша енгізілді. Күдіктілер қаладан шықпау туралы қолхат берген. Олардың басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып жатыр", - деді баспасөз қызметінен.