Таразда жылына 15 млн экспресс-тест шығаратын зауыт салынып жатыр

0
554

Кешенде экспресс-тестер мен медициналық бұйымдар шығарылатын болады.


Таразда жылына 15 млн экспресс-тест шығаратын зауыт салынып жатыр

ERNUR.KZ. ҚР вице-премьері Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Тараздағы фармацевтикалық мақсаттағы өндірістік кешен құрылысымен танысты, деп жазады ҚазАқпарат.

Кешенде экспресс-тестер мен медициналық бұйымдар шығарылатын болады. Жылына 15 миллион экспресс-тест, 1,5 миллион бақылау ерітіндісі және 50 мыңға жуық зарарсыздандыру орамасын шығару жоспарлануда.

Ералы Тоғжанов өндіріс желісін, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қоймасын аралап, серіктестіктің жұмысын жоғары бағалады.

Үкімет басшысының орынбасары дәрігерлерге жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айтып, Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы іс-қимыл бойынша Үкімет пен дәрігерлердің алдына нақты міндеттер қойғанын атап өтті.


«Біздің міндетіміз - барлық осы тапсырмаларды орындау. Бұл үшін дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры қалыптасты, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Жамбыл облысының шалғай елді мекендерін сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін сегіз мобильді кешен алынды, жедел жәрдем станциясының автопаркі жаңартылуда. Мұның бәрі қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді», - деді ол.


Жұмыс сапарының қорытындысы облыстық әкімдіктегі бейне-байланыс арқылы өткен кеңесте сараланды. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өңірде мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ел Президентінің әрбір тапсырмасының орындалуы қатаң бақылауда.


«Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Медициналық мекемелер коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындалуда. Атап айтсақ, медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда. Дәрі-дәрмек қоры қалыптасты. Қауіпті вируспен күресуге қосымша дәрігерлер тартылады. Мобильді топтардың қызметі жандана түсуде», - деп атап өтті облыс әкімі.


Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау және білім беру салаларына қатысты мәселелерді атап өтті. Ералы Тоғжанов олардың барлығы қарастырылатынына сендірді.


«Әлеуметтік-экономикалық дамудың нәтижелері жаман емес. Жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде COVID-19 аурушандығы төмендеді. Біз осы қарқынмен жұмыс істеуді жалғастыруымыз керек», - деп қорытындылады Ералы Тоғжанов.

Еске салсақ, Жамбыл облысына сапары барысында Ералы Тоғжанов COVID-19-ға қарсы отандық вакцина шығаратын зауытты салу барысымен танысты.