Павлодар қаласындағы Zerek bala балабақшасынан шу шықты. Әрекетін ақтай алмаған тәрбиеші жүкті екенін алға тартып, шағымданған анадан кешірім де сұрамаған.
ERNUR.KZ. Балабақшадағы келеңсіздік 2 ақпан күні болған. Тәрбиеші 1 жас 10 айлық баланы жалаңаштап, салқын бөлмеге қамаған, деп жазады Экспресс К.
Әділдік іздеген қала тұрғыны Алина Омарова бұл сұмдықты әлеуметтік желіге жариялады.
"2 ақпан күні сағат 16.22-де қызымды алып кетуге бардым. Кейін бейнебақылау камерасының жазбасын қарағанда жағамды ұстадым. Жалаңаш бала 40 минут бойы бөлмеде жалғыз қалған. Бөлменің салқын, терезесі ашық тұрғанын көрдім. Оның бұл әрекеті бірінші емес сияқты. Өйткені бала шығып кетіп, қарсылық білдірер еді. Үйретіп қойған. Осы балабақшаға барып жүргенімізге жарты жылдан асты. Тәрбиеші алып қалғанда неге жылай беретініне мән бермейтінмін. Сөйтсем, қорқады екен ғой", — дейді Алина Омарова.
Ол әуелде видеоны басқа мақсатпен қарағанын айтады. Бір күн бұрын балалардың іші өтіп ауырған.
"Балаларды қалай тамақтандыратынын білгім келді. Мына оқиғадан біраз есеңгіреп қалғандай болдым. 3 ақпанда таңертең барып, телефонның бейнежазбасына түсіріп алдым. Дұрыс істеппін. Кейін құрылтайшысы сервердегі видеоны өшіртіп тастапты. Балабақшадағы санитарлық жағдай сын көтермейді. Екі жасқа дейінгі балаларды әжетханаға түске қарай бір-ақ апарады", — дейді ол.
Бұл мәселе кеше ата-аналар жиналысында талқыға салынды. Жиында тәрбиеші баланың неліктен жалаңаш жүргенін түсіндіре алмаған.