Тәртіпсіздік кезінде қаза болғандардың денесі не үшін қазып алынғаны анықталды

0
564

Әлеуметтік желіде "Қайғылы қаңтар" кезінде құрбан болған адамдардың денелері көрден қазып алынып жатыр деген ақпарат тараған болатын.


Тәртіпсіздік кезінде қаза болғандардың денесі не үшін қазып алынғаны анықталды

ERNUR.KZ. Бас прокуратураның ақпаратынша, бұл адамдардың қылмыстық істерге қатысы жоқ, деп жазады exk.kz.

"Мәйіттерді эксгумациялау Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 225 және 271-баптарына сәйкес жүргізіледі. Ол үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін адамда соттың дәлелді қаулысы болуы керек. Қазып алынған адамдар қылмыстық істер бойынша күдікті деп саналмайды", — делінген жауапта.

Бұдан бөлек Бас прокуратурадағылар эксгумацияны тек рұқсат берілген жағдайда жасайтынын жеткізді.

"Адамдардың қандай себеп пен жағдайда қайтыс болғанын анықтау үшін түрлі тексерулер мен сараптамалар қажет. Алайда қазып алуға рұқсат берілген адамдардың туыстары олардың денесін осы сараптамаларды жасатпай, алып кетіп, жерледі. Біз тек осылай еш сараптама жасалмай, жерленген адамдарға эксгумация жасаймыз" — деп түсіндірді прокуратура.

Біз бұған дейін Алматыда мәйітханадан ұрланып, жасырын жерленгендер туралы жазған едік.