Ташкентте уланған қазақстандық футболшы балалардың өміріне қауіп бар ма – Денсаулық сақтау министрі жауап берді

0
125

Ташкенттен оралған бес баланың Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғаны туралы ақпарат тарады.


Ташкентте уланған қазақстандық футболшы балалардың өміріне қауіп бар ма – Денсаулық сақтау министрі жауап берді

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ташкентке футбол жарысына барып, ауруханаға түскен қазақстандық балалардың жағдайы туралы айтты, деп жазады stan.kz.

Бұған дейін Threads желісінде жас футболшылардың жаппай ауырғаны туралы жазбалар тараған. nn.mariyam есімді қолданушының 2 қарашадағы жазбасына сүйенсек, балалар Dostlik Cup жарысына қатысу үшін барып, PGA Hotel қонақүйіне орналасқан.

"Балалар тек осы қонақүйде тамақтанды. 1 қарашада таңға қарай олардың жағдайы бір мезгілде күрт нашарлады: дене қызуы көтеріліп, құсып, іші өте бастады. Түске қарай балаларды ауруханаға жатқызды", – делінген жазбада.

Осы жазбаның астына пікір қалдырған тағы бір қолданушы Қарағандыдан барған балалармен бірге алматылық жас спортшылардың да ауырғанын жеткізді.

"Алматыдан барған біздің балалар да сол қонақүйде тұрды. Жолда келе жатқанда құсып, іші өтіп, қызуы 40 градусқа жуық көтерілді, әлсіреп қалды. Ағзасы сусызданып кетпесін деп екі тәулік бойы қасықтап су беріп отырмыз", – деп жазды anastassiya_kolesnikova есімді қолданушы.

Кейін Ташкенттен оралған бес баланың Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғаны туралы ақпарат тарады.

Балалардың айтуынша, олар таңғы асқа шұжық қосылған жұмыртқа, ал түсте тұшпара жеген. Содан кейін дене қызуы көтеріліп, құсу және уланудың өзге белгілері байқалған.

Алматылық және қарағандылық футболшылардың ата-аналары өзара байланыста отырғаны хабарланды. Олардың сөзінше, Ташкентте емделіп жатқан балаларға сальмонеллез диагнозы қойылғаны туралы хабар жеткен. Әлеуметтік желідегі жазбаларда ауруханадағы жағдайдың көңіл көншітпейтіні, тіпті қажетті дәрі-дәрмек жетіспейтіні де айтылған.

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында журналист балаларға қандай көмек көрсетіліп жатқанын сұрады.

"Балалардың жағдайы тұрақты, қазір өміріне ешқандай қауіп жоқ. Олар біздің емдеу хаттамаларымызға сай ем алып жатыр. Бүгін вице-министр тағы да жиын өткізіп, әр баланың жағдайын қашықтан біліп отырды", – деді Әлназарова.

Министрліктің мәліметінше, оқиға белгілі болғаннан бері Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігімен байланыс үзілмеген. Балаларды елге жеткізу мүмкіндігі де қарастырылған.

"Әзірге балаларды Қазақстанға алып келудің қажеті жоқ. Қажет болса, оған дайынбыз. Бірден Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ауруханаларынан орын дайындадық. Қажетті дәрігерлер де дайын", – деді министр.

Ал балалардың неден уланғаны әлі анықталып жатыр. Өзбекстан тарапы қосымша зерттеулер жүргізуде. Нәтижесі шыққаннан кейін министрлік қосымша ақпарат бермек.