​«ҚазТрансГаздың» топ-менеджері: Боқаев мердігер ретінде өзіне қарасты компанияларды ұсынған

0
114

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «ҚазТрансГаз» компаниясы бас директорының экономика және қаржы жөніндегі бұрынғы орынбасары Даир Көшеров жауап берді.


​«ҚазТрансГаздың» топ-менеджері: Боқаев мердігер ретінде өзіне қарасты компанияларды ұсынған

фото: kaz.orda.kz

ERNUR.KZ. 2018 жылы ол кәсіподақ комитетінің құрамында болған. Оның сотта берген айғақтары Санжар Боқаевтың бақылауындағы фирмалардың ұлттық компания сеніміне қандай жолмен кіргенін және еш кедергісіз қалай қаржыландырылғанын көрсетті.

Даир Көшеров жобаларды бекіту рәсімінің формалды сипатта болғанын растады. Оның айтуынша, автошеруге қатысты хаттама комитет мүшелерінің қолдарын жинау арқылы, яғни сырттай келісілген. Сондай-ақ, ол ұлттық компанияның өз бюджетінде қаражат болмаған соң іс-шараларды өткізуге кәсіподақтың мақсатты қаражаты тартылғанын айтты. Алайда шығындарға тиісті бақылау жүргізілмеген.

«Сметаны ешкім тексерген жоқ», – деді бұрынғы қаржы директоры.

Жобаны іске асыруға қатысты барлық жауапкершілік тиісті департамент пен оған жетекшілік еткен Боқаевқа жүктелген. Айыпталушының қолы қойылған құжаттарға сәйкес, «BM Trust» және «We Can» компанияларын мердігер ретінде жобаға тартуды да Боқаев ұсынған.

Көшеров бұл фирмаларды бұрын білмегенін және бас директордың кеңесшісіне сенім артқанын түсіндірді. Нәтижесінде басшылық егжей-тегжейіне үңілместен қаржыландыруды мақұлдаған. Тіпті негізгі орындаушы фирманың бұған дейін катамарандарды жалға берумен айналысып, кейін Боқаевтың жиенінің атына қайта рәсімделгенін де білмеген. Комитет отырысында басқа балама мердігерлердің кандидатурасы мүлде ұсынылмаған.

Сот сонымен қатар Боқаевқа қарасты «BM Trust» фирмасымен серіктес болған мекеме өкілдерінің де уәжін тыңдады

«Мотив Ақмола» ЖШС қызметкері Нұржан Әшірбековтің айтуынша, 2018–2019 жылдары «BM Trust» компаниясы «Ансар» бизнес-орталығынан кеңсе мен автотұрақ орнын жалға алған. Көрсетілген кезеңдегі өзара есеп айырысу деректеріне сәйкес, компания осы мақсаттарға 1 963 074 теңге жұмсаған.

Тағы бір куәгер Карим Каceнов (сол уақытта корпоративтік сапарларды ұйымдастырумен айналысқан «Business Travel Management» компаниясының директоры міндетін уақытша атқарған) ақша аударымдарының түскенін растады.

Прокурор 2018 жылғы 29 тамыздағы банк үзіндісін жариялады. Онда «BM Trust» компаниясынан 1 397 000 теңге көлемінде ақша аударылғаны көрсетілген. Бұдан бөлек, 69 мыңнан 360 мың теңгеге дейінгі сомада өзге де ақша аударымдары тіркелген.

Куәгердің айтуынша, сол уақытта компанияда «We Can» ЖШС директоры Жұлдыз Артықбаева да жұмыс істеген. Бұл – Боқаев ұлттық компанияға тартқан екінші негізгі компания. Кәсіподақтың миллиондаған теңге көлеміндегі бюджет қаражаты осы фирма арқылы да өткізілген.

Еске сала кетсек, айыптау нұсқасына сәйкес, қызметкерлердің әлеуметтік қажеттіліктеріне арналған қаражат имидждік іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсалып, құны негізсіз көтерілген келісімшарттар арқылы Боқаев тарапынан жымқырылған. Басты және баламасы жоқ мердігерлер ретінде басты фигуранттың бақылауындағы «We Can» және «BM Trust» фирмалары таңдалған.