2025 жылдың жартысының өзінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 9 миллионнан аса қазақстандық атсалысыпты.
2024 жылдың көктемінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы аясында ел көлемінде экологиялық ахуалды көтеруге негізделген «Таза Қазақстан» науқаны немесе экологиялық бағдарлама іске асырыла бастады. Бұл бастама экологиялық жағдайды реттеуді ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы экологиялық мәдениетті көтеруге, ел тұрғындарының экологиялық проблемаларға немқұрайлы қарамауына ықпал етуге де негізделген. Сәйкесінше, бір жылдан аса уақыттан бері жүзеге асырылып келе жатқан науқан қоғамдық сипат алып, барша қазақстандықты бір мақсатқа біріктіре алды десек, артық айтқандық болмас. Олай дейтініміз, 2024 жылдың соңындағы ресми деректерге сүйенсек, былтыр аталған акция шеңберінде өткізілген қоғамдық жұмыстарға жалпы алты миллионға жуық азамат атсалысыпты. Барлық өңірлерде, аудандар мен ауылдарды мыңдаған іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде қоршаған ортаға тасталған 1 млн 100 тоннадан аса күл-қоқыс тазаланған. Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілер, бизнес саласының өкілдері, тұрғындар мен еріктілер 1 млн 600 мың түпке тарта ағаш көшетін еккен екен. Сондықтан да республикалық акция өз мақсатына жетті деп сеніммен айта аламыз.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, аталған акция аясында қоғамдық жұмыстар ғана атқарылып қоймай, экологияны қорғауға негізделген заң талаптары да күш алды. Атап айтқанда, заңсыз қоқыс полигондары, рұқсат етілмеген жерге тасталған қалдықтар бойынша құзырлы органдардың қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп, жүздеген заңсыз қоқыс алаңындағы мәселе шешілді. Одан бөлек, ел аумағында ауаның ластануын бақылау мақсатында «Таза ауа» деп аталатын ісс-шара қолға алынып, жүздеген автокөлік тексерілген. Нәтижесінде жүзге тарта көлік иесіне заң шеңберінде шаралар қолданылып, жүргізушілердің де жауапкершілігі арта түсті.
Бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып саналатын әрбір салада цифрландыру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Бұл үдерістен «Таза Қазақстан» акциясы да шет қалған жоқ. Нақтырақ айтсақ, экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын және проблемаларды шешуге атсалысқысы келетін қазақстандықтар үшін @TazaQazBot цифрлық платформасы құрылды. Чат-бот негізіндегі бұл электрондық жүйе кез келген азаматтың экологиялық мәселе жайындағы хабарламасын жауапты мекемелерге жолдауына мүмкіндік береді. Оған қоса жауапты тараптан кері байланыс жасалып, мәселенің шешілуі жайлы есеп беріліп отырады. Айтап өтсек, осы чат-бот арқылы 2024 жылы сегіз мыңға жуық өтініш түсіп, олардың жеті мыңнан астамы орындалған және 700-ге жуығы жойылған. Министрліктің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, электрондық платформа арқылы түскен өтініштердің басым бөлігі белгілі бір аумақты тазалауға қатысты болған. Одан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды тазалау, абаттандыру ісі мен жол жөндеу бойынша да біршама өтініш түскен екен. Өтініш беру бойынша Алматы өңірі көш бастаса, одан кейінгі орындарға Астана мен Қарағанды тұрақтапты.
Естеріңізде болса, 2024 жылы ел тұрғындарының экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған арнайы тұжырымдама да бекітіліп, жұмыстар қолға алынған болатын. Құжатқа сәйкес, бұл тұжырымдама 2029 жылға дейін іске асырылады. Аталған бастаманың негізгі бағыттарының бірі ретінде ел жастарын экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ететін жобаларға шақыру таңдалған. Осы ретте былтыр түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып, арнайы сабақтар өткізілген. Одан бөлек, бүгінде елімізде тұрмыстық қалдықтарды қайта кәдеге жарату, қоршаған ортаның ластану деңгейіне қатысты маңызды ақпараттарды ашық тарату, аумақтарды абаттандыру және экологиялық жұмыстарға атсалысатын еріктілер қозғалысын дамыту іс-шаралары жүргізіліп келеді. Тұжырымдама шеңберінде ел тұрғындарының экологияны жақсартуға атсалысуын қамтамасыз ету, экологияны қорғауға қатысты заң талаптарының орындалуын бақылау міндеттері де атқарылуда. Сонымен бірге, биыл экология саласын дамытуға тұрақтандыру қорларын тарту жұмыстары да жүргізіліп, осы арқылы абаттандыру және көгалдандыру бағытында ауқымды акциялар өткізілмек. Ал, сыртқа тасталатын тұрмыстық қалдықтардың көлемін азайтып, экологияға қатыста нормаларды бақылауда ұстау үшін электрондық және ақпараттық жүйе дамытылып, ел азаматтарының санасына салалық білім-білікті сіңіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Енді 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен жоспарға тоқталайық. Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ел аумағында 900-ге тарта іс-шара өткізілген. Оның ішінде арнайы атаулармен де көптеген республикалық іс-шара ұйымдастырылып, 1 миллион 400 мың тоннадан астам қалдық тазаланған және 2 миллион 400 мың түптен аса ағаш көшеті егілген. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі баспасөз жиынында айтып берді. Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, 2025 жылдың жартысының өзінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 9 миллионнан аса қазақстандық атсалысыпты. Оның 450 мыңға жуығы еріктілер екен.
Баспасөз жиынында Telegram желісіндегі @TazaQazBot чат-боты қосылғаннан бастап түскен өтініштер саны жиырма екі мыңнан асып, жиырма бір мыңнан астам өтініш орындалғаны мәлім болды. Ал, өтініш көп түсетін бағыттар өзгермеген.
Брифингте экологиялық ахуалға қатысты салалардың барлығын қамтыған вице-министр тұрмыстық қалдықтарды кайтара өңдеу ісі мен сұрыптауға қатысты жаңалықтарды жеткізді. Оның айтуынша, әрбір жылы ел аумағындағы қалдық көлемі 4 млн 500 мың тоннаға жетеді, алайда олардың төрттен бір бөлігі ғана қайта өңделіп жатыр. Сондай-ақ, Қазақстандағы үш мыңға жуық қоқыс алаңының бестен бірінде ғана рұқсат құжаты бар екен.
Елімізде қоқыс полигонына қатысты мәселелерді шешу жұмыстары да жүргізіліп келеді. Осы орайда жергілікті әкімішіліктер жеті нысанның құрылысы бітіріп, қолданысқа берген. Одан бөлек, жиырмадан аса қоқыс алаңының құжаттары реттелсе, жиырмаға жуық жоба дайындалу үстінде. Одан бөлек ведомство ел аумағында тағы қырықтан астам қоқыс алаңына салу үшін қаражат бөлуді пысықтап жатыр. Аталған жобаларға жалпы 53 миллиард теңге қажет көрінеді.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясының тағы бір басым бағыты – орман қорын молайту ісі бойынша 1 млрд 369 млн түп кқшет отырғызылған. Оған қоса, экологиялық ахуалы күрделі деңгейде тұрған Арал теңізінің құрғап қалған табанына 50 млн түпке жуық сексеуіл көшеті егілген. Ел өңірлерінде орман тұқымбақтарын құру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді.
2025 жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстан Республикасы экологиялық ахуал бойынша 10 мемлекеттің арасында 74-ші сатыда тұр екен. Оның ішінде ауа тазалығы тұрғысынан 120-шы, қоршаған ортаның жағдайы бойынша 63-ші және климатты қалыпты деңгейде ұстау бойынша 87-ші сатыға жайғасқан. А, нақты климатқа қатысты халықаралық рейтингте 61-ші сатыда тұр. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, бұл төмен көрсеткіш болып саналады екен. Әлемдік сараптаманы жасаушылар еліміздің көмір отынынан бас тарту және климатты реттеу саясатының нақтыланбағанын ескерген көрінеді.
Сондай-ақ, екінші жыл қатарынан іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы әлемдік рейтнгке соншалықты әсер ете қоймайтын секілді. Себебі халықаралық сарапшылар рейтинг әзірлеу барысында көмір отынынан бас тарту саясаты, қалдықтарды қайта өңдеу және дұрыс басқару, ауа сапасы, экологиялық заңнаманың күшеюі, суды тиімді қолдану сынды бағыттарды негізге алады.
Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үздіксіз іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы қоршаған ортаны қорғау, тазалық сақтау және ел арасындағы мәдениетті қалыптастыруға ерекше ықпал ете берері сөзсіз.
Б.Мейірханұлы,