Тәжірибелі тіс дәрігерлерінің көбі табысынан айырылып, кейбірі жұмыссыз қалуы мүмкін

0
630

​Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері медициналық қызмет сапасын арттыру үшін тіс емдеушілерге жаңа талап қоймақ.


Тәжірибелі тіс дәрігерлерінің көбі табысынан айырылып, кейбірі жұмыссыз қалуы мүмкін

Стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңа стандарттарына сәйкес орта кәсіптік білімі бар тіс дәрігерлері мен дантистер енді күрделі стоматологиялық қызметтерді көрсете алмайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Сарапшылардың сөзінше, салдарынан елімізде мамандар тапшылығы орын алып, жұртшылық емделу үшін айлап кезек күтуі мүмкін. Ал Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындар тарапынан көптеген жекеменшік стоматологиялық емханаларға қатысты шағымдардың көп екенін алға тартуда.

Тіс дәрігерлері мен дантистердің қызметін шектейтін жаңа стандартқа қарсы шыққандардың бірі - Ольга Бойко. Оның айтуынша, бұдан былай орта кәсіптік білімі бар тіс дәрігерлері күрделі стоматологиялық қызметпен айналыса алмайды. Ал дантистер тіптен, жұмыссыз қалуы мүмкін.

“Үлкен қалаларда стоматологтар тапшылығы болмауы мүмкін. Бірақ облыс орталықтарында, елдімекендерде жоғары білімі бар мамандар өте аз. Соның салдарынан көптеген қызметтер халыққа қолжетімсіз болады. Тұрғындарда айлап кезек күтуге мәжбүрлік туындайды”,- деді ол.

Министрлік дантистер мен тіс дәрігерлері жұмыссыз қалады деген жаңсақ пікір екенін айтты. Тіс дәрігерлері мен дантистер құрттаған тісті емдеу мен тіс жұлу сияқты жеңіл қызметтерді көрсете алады екен.

“Халық тісті емдеуге емес аурудың алдын алуға көңіл бөлуі керек. Бұл дантистердің міндеті. Ал шағын бизнесті тексеруге тыйым салынғандықтан кейбір емханалар осы жағдайды пайдаланады. Дантистер күрделі стоматологиялық қызмет көрсетеді. Бұл дұрыс емес. Бұл медбикені жүрек ауруынан ота жасауға жібергенмен бірдей. Сондықтан әр маман өз жұмысымен айналысуы тиіс”,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас тіс дәрігері Назым Бектұрғанова.

Ал кейбір сарапшылардың сөзінше, жоғары білімі бар стоматологтардың саны тым аз болғандықтан стоматологиялық қызмет түрлерінің қымбаттауы мүмкін.