Бұл лауазымды қызметке Арман Әбенов келді.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрінің 2020 жылдың 27 қарашадағы бұйрығы бойынша ҚР ИТМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы болып Арман Әбенов тағайындалды, деп жазады zakon.kz.
Арман Әбенов 2016 жылдан бастап ҚР Сауда және интеграция министрлігінің "Qaztrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ Бас директоры лауазымын атқарды, ҚР Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді (2013-2016 жж.).
Еңбек жолын Қазақстанның банк секторының қызметкері болып бастаған (2002-2006 жж.).
2006 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат және жоспарлау департаментінің бас маманы болып жұмыс істеді, 2007 жылы Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат және жоспарлау департаменті Инвестициялық саясат басқармасының бастығы болып тағайындалды.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары (2009-2011); ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Мемлекет міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты департаментінің директоры (2011-2013) болып жұмыс істеді.
Арман Әбенов Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын (2001) "Халықаралық экономист" мамандығы бойынша, Waynesburg University, Pennsylvania, USA "MBA" (2005) мамандығы бойынша "Іскерлік әкімшілендіру магистрі" мамандығы бойынша бітірген.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Үйленген, бес баласы бар.