Бүлдіршіннің ата-анасы қыздарын іздеуге көмектескен барша еріктілер мен қала тұрғындарына алғысын айтты.
Сәтбаев қаласында жоғалған 5 жасар қыздың ата-анасы үндеу жолдады. Үндеуді Қазақстанның бала құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүлдіршіннің ата-анасы қыздарын іздеуге көмектескен барша еріктілер мен қала тұрғындарына алғысын айтты.
"Бірінші кезекте біз – Сүлеймен отбасы, атап айтқанда ата-анасы Өтеубай-Манара өз атымыздан қаланың жұртшылығы мен еріктілерге қызымызды іздестіруге атсалысып, үлес қосқандары үшін алғыс білдіреміз! Айсезімнің табылуына сіздердің септіктеріңіз тиді", - дейді ата-ана.
Айсезімнің ата-анасы қазіргі кезде қыздарының жағдайы мамандар тарапынан жақсы деп бағаланып жатқанын жеткізді.
"Бізбен психологтар мен арнайы дәрігерлер күнделікті байланыста отыр. Сондай-ақ біз ҚР бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен @aruzhan_sain де тығыз байланыстамыз. Ол өз тарапынан қажетті мамандар мен реабилитациялық емханаларды табуға, сондай-ақ адвокат пен құқықтық қорғауды ұйымдастыруға көмегін тигізіп жатыр", - деді олар.
Сондай-ақ, олар «Қазақмыс Корпорациясына» бүлдіршінді реабилитациядан өткізуге жұмсалатын шығындардың бәрін өтегеніне алғыс білдірді.
"Біздің отбасының қаржылай көмекке мұқтаждығы жоқ, барлық психологиялық және қаржылай шығынды «Қазақмыс» өтеуге уәде берді.
Тағы бір айтарымыз: қызымыздың суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды, оқиғаға қатысты түрлі пікірлер мен жалған ақпараттарды таратуды доғаруларыңызды сұраймыз. Біз болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Үлкен өтініш: қаржылай қор ұйымдастыруды, түрлі жиын өткізуді тоқтатыңыздаршы! Біздің басымызға түскен қайғы басқа келеңсіз оқиғалардың себебі болуын қаламаймыз. Мұның бәрі біздің отбасы үшін ауыр соққы әрі сол қайғылы күнді ойымызға сала береді", - деп жазды үндеуінде.