Мемлекет басшысы мен Елбасы Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхаттарын жолдады.
ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Элазыг провинциясындағы жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтар мен жеке өз атымнан Сізге, сондай-ақ, бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Алла тағаладан табиғи апат кезінде қаза болғандардың жандары жәннатта болуын, жараланғандардың тез арада сауығуын тілеймін", – делінген президент жеделхатында.
Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты.
Қазақстанның тұңғыш президенті Түркияның Элязыг және Малатья провинцияларында орын алған және адамдардың қазасына әкеліп соқтырған қуатты жер сілкінісі туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдады.
"Осындай қиын сәтте қаза тапқандардың туыс-туғандарына, сондай-ақ бүкіл Түркия халқына ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектеспін", - делінген жеделхатта.
Түркиядағы жер сілкінісі
Түркияның шығысында 24 қаңтар, жұма күні кешке жер сілкінді. Оның магнитудасы 6,8-ді құрады.
Соңғы мәліметке сәйкес, табиғи апат салдарынан 21 адам қаза тауып, 1030 адам түрлі жарақат алған.