Қазақстанда тыйым салынған аудионы сақтаған атыраулық жауапқа тартылып, 55 560 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
ERNUR.KZ. Атырау облысында "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында тыйым салынған аудионы сақтаған жігіт жауапқа тартылды, деп жазады Polisia.kz.
"Көліктегі полиция департаментінің Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері "ВКонтакте" әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу кезінде Атырау облысының 25 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде тыйым салынған діни мазмұндағы аудиожазбаны сақтағанын анықтады", - делінген ақпаратта.
Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Сарықұл Жолановтың айтуынша, дінтану сараптамасының қорытындысы бойынша аудио жазбалардың Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынғаны анықталды.
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен аталған азамат әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 453-бабы 2-бөлігі ("бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін, сол сияқты өзге де өнімді Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК мөлшерінде (55 560 теңге) әкімшілік айыппұл салынды.