ТЖМ балаларға төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін үйретеді

0
192

Балалардың қауіпсіздігін қамту – ТЖМ қызметінің басты бағыттарының бірі.


ТЖМ балаларға төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін үйретеді

ERNUR.KZ. Осы орайда, ведомство тиімді шаралар қабылдап жатыр. Ол үшін әр өңірде профилактикалық үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, ТЖМ мамандары ата-аналармен қатар, балалармен де жұмыс жүргізеді. Бұл іс-шаралармен мектепке дейінгі мекемелер де қамтылған.

«Барлық жастағы балалар үшін Министрліктің бөлімшелеріне экскурсиялар ұйымдастырылады. Жұмыс жазда да тоқтамайды. Білім беру ұйымдарында 2,5 мыңнан астам «Жас құтқарушы» үйірмесі мен кадет сыныптары жұмыс істейді. Олар өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие береді. Маусым айында Көкшетау қаласында жыл сайынғы «Жас құтқарушы» республикалық жарысы өткізіледі. Оған әр облыстың жеңімпаздары қатысады. Балалардың қауіпсіздігі халықаралық деңгейде де белсенді түрде пысықталуда. Республикалық жарыстардың үздік командалары халықаралық жарыстарға жолдама алады», – деді спикер.

Сонымен қатар Халықаралық балалар күнін мерекелеу аясында ТЖМ «Балалардың қауіпсіздігі басты назарда» деген іс-шара өткізуде. Ол балаларды үйде, көшеде және демалыстағы төтенше жағдайларға дайын болуды үйретуге бағытталған.