ТЖМ өкілі жер сілкінісі жөніндегі болжамға дүрлікпеуге шақырды

0
646

2023 жылғы 14 наурызда Қазнетте Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарының әкімдерін, ТЖД басшыларын жер сілкінісі қаупі туралы хабардар ететін құжат тарады.


ТЖМ өкілі жер сілкінісі жөніндегі болжамға дүрлікпеуге шақырды

ERNUR.KZ. Хабарлама Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің атынан тарады, деп жазады zakon.kz.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың сөзінше, Төтенше жағдайлар министрлігінен хат жіберілген жоқ, қажет болмағандықтан, министр хатқа қол қоймаған.
"Болжам (жер сілкінісі туралы. – ред.) болды. Бұл болжам жөнінде ақпаратты өткен жұмада ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев институтта өткен брифингте таратты, онда осы аптада Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарында 3-3,5 баллға дейін жер сілкінісі болжанғаны айтылған, бұл осы өңірлер үшін қалыпты жағдай. Мұндай жағдайда еш дүрбелең болмауы керек. Халыққа бәрін мәлімдеп отырамыз", - дейді Руслан Иманқұлов.

Сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі жер сілкінісіне болжам өткен аптада сейсмикалық болжау комиссиясы отырысының қорытындысы кезінде кешкі уақытта жасалғанын айтты.

"Біз бірден сағат 18:30-да брифинг ұйымдастырып, осы қажетті ақпаратты тараттық. Сондықтан жасыратын ештеңе жоқ. Қандай да бір қажеттілік туса немесе қандай да бір болжам жасалса, қажет ақпаратты дер кезінде жеткіземіз", - дейді Руслан Иманқұлов.

2023 жылғы 10 наурызда келер аптада Сейсмология институтында сейсмикалық болжау комиссиясының кезектен тыс отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Алматы қаласының, Алматы және Жетісу облыстарының аумағында шамамен 3-3,5 баллға тең жерасты дүмпулері болуы ықтимал екені айтылған еді.