Қазіргі уақытта Қазақстанда астық сақтауға арналған қоймалар сыйымдылығының жалпы көлемі шамамен 30 млн тоннаны құрайды.
Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте элеваторлардың жаңа өнім қабылдауға дайындығы, экспорт мүмкіндіктері және егін жинау кезіндегі ықтимал тәуекелдер мәселелері талқыланды. Кездесуге Астық одағы мен Егін өсірушілер одағының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Қазақстанда астық сақтауға арналған қоймалар сыйымдылығының жалпы көлемі шамамен 30 млн тоннаны құрайды, оның 13,4 млн тоннасы 191 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорнына, ал 16,6 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің астық қоймасына тиесілі. Мұндай сыйымдылық ауқымы орташа жылдық өнім көлемін және ауыспалы астық қорын сақтау үшін жеткілікті.
Биылғы 1 шілдедегі деректер бойынша Қазақстанда астық қоры 6,1 млн тоннаны құрайды, оның 4,5 млн тоннасы – азықтық, 1,4 млн тоннасы — жемдік астық. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ауа райының қолайлы жағдайы мен егіннің қазіргі жай-күйі өнім жинау көлемін орташа көрсеткіштерден жоғары болжауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Астық қоймаларында осындай үлкен ауыспалы қалдықтар болған жағдайда әкімдіктерге қазірдің өзінде жаңа астықты қабылдау және кептіру қуаттылығы бойынша барлық ұйымдастыру шараларын пысықтау қажет, астық қолайсыз ауа райы жағдайында далада дымқыл болып қалмауға тиіс», — деп атап өтті вице-министр.
Жиналыста астық қалдықтарын тезірек өткізу нұсқалары талқыланды, олардың бірі экспортқа жөнелтуді жеделдету. 2023 жылы Қазақстаннан Қытайға теміржол арқылы астық жеткізу көлемі рекордтық 2,2 млн тоннаға жетті. Бұл 2023 жылғы наурыздан бастап Үкімет, ҚТЖ және салалық қауымдастықтардың бірлескен күш-жігерімен астық жүктерін астық тасымалдаушылармен тиеп-жөнелтуді қайта бастау арқасында мүмкін болды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров Қытайға астықты тасымалдаудың 2024 жылға арналған жоспарын және бірінші жартыжылдықтағы жөнелту нәтижелерін ұсынды. Темір жол арқылы 757 мың тонна астық жөнелтілді, екінші жартыжылдыққа арналған жоспар 1,25 млн тоннаны құрайды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ жөнелтушілер арасында пойыздарды біркелкі бөлу кезінде Қытайға экспортқа 2 млн тоннадан астам астық жіберуге дайын. Серік Жұманғарин сонымен қатар қытай тарапымен астықты автомобиль көлігімен жөнелту мүмкіндігін талқылауды ұсынды.
Қазақстан Астық одағының атқарушы директоры Мұратбек Исабаев жиналыста егін жинау кезінде ылғалды ауа-райы жағдайында аграршыларды астық кептіргіштер үшін арзандатылған отынмен қамтамасыз ету туралы ұсыныс айтты.
Серік Жұманғарин АШМ-ге астық кептіру жабдықтарын сатып алу үшін аграршыларға жеңілдікті қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ облыс әкімдіктерімен бірлесіп егін жинау уақытына уақтылы дайындық бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.