Үкіметте электрондық коммерцияны дамыту мәселелері қаралды

0
1 343

Тимур Сүлейменов 2018 жылдың басынан бері 110 жаңа электрондық сауда субъектілері тіркелгенін айтты. Нарықта 1658 интернет-дүкен жұмыс жасайды, сатып алушылар саны 5% өсті. Аталған салада 71,6 мың адам жұмысқа орналасты.


Үкіметте электрондық коммерцияны дамыту мәселелері қаралды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев электрондық коммерцияны дамыту мәселелері жөнінде баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ

Ресми статистика деректеріне сәйкес, 2017 жылы ҚР электрондық сауда нарығының көлемі 106,9 млрд теңгені құрады. Бұл бөлшек тауар айналымы жалпы көлемінің 1,2%, өсім — 36,2%. «Қазпошта» АҚ жедел деректері бойынша, 2018 жылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығының көлемі 101 млрд теңгені немесе бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінің 2,9%-ын құрады.

Тимур Сүлейменов 2018 жылдың басынан бері 110 жаңа электрондық сауда субъектілері тіркелгенін айтты. Нарықта 1658 интернет-дүкен жұмыс жасайды, сатып алушылар саны 5% өсті. Аталған салада 71,6 мың адам жұмысқа орналасты.

Цифрлық қаржы қызметтерін дамыту мақсатында Ұлттық банк ұялы телефонды пайдалану арқылы жылдам төлем жүйесінің жобасын әзірледі. Аталған жүйенің мақсаты — онлайн режимде жеңілдетілген реквизиттер бойынша банкаралық төлемдер үшін ыңғайлы және қолжетімді құралды қамтамасыз ету. Жүйені пилоттық режимде 2018 жылғы тамызда тестілеу жоспарланған.

Мамырда «электронды әмиян» жобасы іске қосылды, ол ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлеуге арналған.

2018 жылдан бастап логистиканың инфрақұрылымын дамыту үшін Fullfilment орталығы — логистикалық хабтар мен сұрыптау орталықтарын құру жұмыстары басталды. Бірінші орталық Астанада биыл сәуір айында іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Өңделген жөнелтілімдер санын 20%-ке 5,148 млн-нан 6 млн-ға дейін ұлғайтып, Қазақстанға жеткізілу уақытын 15 күннен 6 күнге дейін және 1 күнге дейін белгілі бір бағыттар бойынша экспресс-пошта арқылы қысқарту көзделген.

«Жалпы, электрондық сауда саласында жүргізіліп жатқан іс-шаралар экономиканың басым салаларының бірі ретінде сауда саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. 2022 жылға қарай электрондық сауда үлесін 2,6%-ке дейін ұлғайту және 200 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр», — деді Т. Сүлейменов.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев электрондық коммерция «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым міндеттерінің бірі ретінде анықталғанын атап өтті.

«Бүгінгі баяндамалар болашақ электронды коммерциямен тығыз байланысты екенін дәлелдеді. Мемлекеттік бағдарламаны қабылдау кезінде 2022 жылға қарай аталған салада 200 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарладық. Осы жылдың бес айының өзінде 40 мың жұмыс орны ашылды. Бұл онлайн сауданың үлкен әлеуетін көрсетеді. Еліміздің транзиттік әлеуетін пайдаланып, бұл саланы дамытуға ұмтылып жүрген әкімдерге қолдау көрсету қажет», — деді Б. Сағынтаев.

Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиевке жүктелді.

ДЕРЕККӨЗ: primeminister.kz