Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша сот тергеуі қайта басталды

0
175

Сот процесі аяқталуға жақын еді.


Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша сот тергеуі қайта басталды

Ulysmedia коллажы

ERNUR.KZ. Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел жәрдем қызметкері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша сот тергеуі қайта басталды, деп жазады ulysmedia.kz.

Сот процесі аяқталуға жақын еді. Сотталушы Сәуле Жұбаниязова соңғы сөзін айтуы керек болған. Алайда сот отырысы басталған кезде жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат берді.

Бұған қайғылы оқиға болған үйдің құрылыс салушысына қатысты істегі жаңа мән-жай себеп болған. Алдыңғы аптада құрылыс салушыға қатысты тергеудің қайта басталғаны белгілі болды. Адвокат бұл іс бойынша қабылданатын шешім Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық іске де әсер етуі мүмкін деп есептеп отыр.

– Тергеу судьясының шағымды қарау нәтижесі қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық мән-жайын және әрекеті не әрекетсіздігі қылмыстық іс аясында бағалануға тиіс тұлғалардың толық шеңберін анықтау үшін тікелей маңызы бар мән-жай болып есептеледі, – деді Орынбеков.

Ол соттан тергеу сотының қаулысын сұратып, сот тергеуін қайта бастауды өтінді.

Сотталушының адвокаты Алтынбек Тәңкібаев та бұл өтінішхатты қолдады.

Сот шешімі

Судья Меруерт Абаева шағын үзіліс жариялағаннан кейін өтінішхатты қанағаттандырды.

– Сот процеске қатысушылардың пікірін тыңдай отырып, сот тергеуін қайта бастау және тергеу сотының қаулысын зерделеу туралы өтінішхатты қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Себебі сот қылмыстық істі дұрыс шешу үшін қажетті әрі жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу мақсатында заңда көзделген барлық шараны қабылдауға міндетті, – деп жариялады судья.

Контекст

Оқиғаға биыл бір жылға жуық уақыт өтті. Жедел жәрдем қызметкерлері Астанадағы Тәуелсіздік көшесі, 24Б мекенжайындағы үйге барған. Сол кезде ғимараттың қасбеті мен кондиционердің бір бөлігі өтіп бара жатқан адамдардың үстіне құлап, бірнеше адам жарақат алған. Фельдшер Ұлдана Мырзуан зардап шеккендерге көмектесуге ұмтылған. Алайда дәл сол сәтте қасбеттің бір бөлігі оның үстіне құлап, ол қаза тапқан.

Осы оқиғадан кейін полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша, яғни міндеттеріне адал қарамау фактісімен қылмыстық іс қозғаған. Тергеу жұмыстары 10 айға созылған.