Үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқан құрылысшыларға айыппұл ұлғайтылады

0
625

Үкімет тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды мемлекеттік реттеуді күшейтпек.


Үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқан құрылысшыларға айыппұл ұлғайтылады

ERNUR.KZ. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп жазады inform.kz.

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға сәйкес Заңда белгіленген талаптарды бұза отырып, жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады, мұндай мәміле жарамсыз деп танылады. Алдын ала шарттар нақты құрылыс салушы өзінің міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда, халыққа объекті құрылысының аяқталуына кепілдік бермейді. Жаңа проблемалық объектілердің пайда болуына және құрылыс салушылардың заңнаманы айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартуына жол бермеу мақсатында Үкімет осы саладағы мемлекеттік реттеуді күшейту жөніндегі түзетулерді әзірледі», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министр жауабына берілген анықтамаға сәйкес, мынадай түзетулер қарастырылып отыр:
- салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу;

- үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін құрылыс жұмыстарын одан әрі тоқтата тұрып, айыппұл санкцияларын (1 107 600 теңгеден 7 384 000 теңгеге дейін) ұлғайту;

- үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты болмаса, жарнамаға тыйым салу;

- «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңын реттеу саласына «аз қабатты құрылыс» ұғымын енгізу;

- салынып жатқан тұрғын үй нарығында үлескерлердің ақшасын тартудың заңдылығы бөлігінде ЖАО-ның мониторинг жүргізуі;

- салынып жатқан тұрғын үйді қолма-қол ақшасыз нысанда сатып алу-сату бойынша мәмілелерді жүзеге асыру.

«Сарапшылар қоғамдастығымен және мемлекеттік органдармен талқылаудың қорытындысы бойынша бұл түзетулер Парламент Мәжілісіне енгізіледі. Өз кезегінде құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау мерзімдері бұзылған жағдайда құрылыс салушының жалдау ақысын төлеу шарттары Азаматтық кодекстің нормаларымен реттеледі. Демек, шарт талаптары бұзылған жағдайда тараптардың заңға сәйкес сот органдарына жүгінуге құқығы бар», - деді Олжас Бектенов.