​Ұлттық біліктілік жүйесі Қазақстандағы еңбек нарығының сапасын арттырады

0
496

Еңбек нарығының сапасы – кез-келген қызметтің, кәсіптің сапалы жүзеге асуының алғышарты


​Ұлттық біліктілік жүйесі Қазақстандағы еңбек нарығының сапасын арттырады

Иллюстрациялық сурет: kspu.ru

ERNUR.KZ. Елімізде еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің арасында тығыз әрі толық байланыс орнататын Ұлттық біліктілік жүйесін (ҰБЖ) енгізді. Осы арқылы үздіксіз даму, құбылу үстінде болатын нарықтың талап-шарттарына сәйкес мамандардың біліктіліктерін тиімдірек сәйкестендіру көзделген.


Еңбек нарығының сапалы болуы – ел аумағындағы кез-келген қызметтің, кәсіптің сапалы жүзеге асуының алғышарты. Аталған нарық сапасының жоғары-төмендігі мамандардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Түрлі салаларда жоғары санатты мамандар болуы үшін жүйелі білім беру мен кәсіби дағдыларды дамыту қолға алынды. Дәл қазір бұл мақсат-мүдденің жолында Ұлттық біліктілік жүйесі (ҰБЖ) жұмыс істеуде.

Ұлттық біліктілік жүйесі мамандарға еңбек нарығының талаптарымен танысып, оларға сай келетін кәсіби білім алуда бағыт-бағдар көрсетеді.

Аталған система еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің қатысушылары арасындағы өзара іс-қимыл мен келісімді қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни жұмыс беруші қызметкерлердің білімі мен дағдыларына қойылатын талаптарды айқындайды. Ал білім беру ұйымдары осы қойылған талаптарға сай кәсіби даярлауды жүзеге асыруы қажет.


Ұлттық біліктілік жүйесінің жұмысы негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі:

  1. Қазіргі мамандар нені білуі және не істеуі керек?
  2. Бұл үшін оларға нені және қалай үйрету қажет?
  3. Мамандарың кәсіптік біліктілігін қалай тануға болады?


Мамандар нені білуіге тиіс?

ҰБЖ негізгі элементтерінің бірі – кәсіптік стандарттар. Кәсіптік стандарттар жұмыскердің біліктілігіне қойылатын талаптарға сәйкес әзірленеді. Кәсіптік стандарт дегеніміз – маманың білімі, машығы, жеке құзыреттілігіне, қабілеттеріне қойылатын талаптар және Ұлттық біліктілік жүйесінде жұмыскердің біліктілік талаптарын белгілеуге қолданылатын құжат. Кәсіптің әр түріне немесе топтарына сай түрлі бағыттағы кәсіптік стандарттар жасалады.

2023 жылы «Кәсіптік біліктілік туралы» заң қабылданды. Аталған заң аясында сала мамандары еңбек нарығының әртүрлі салаларын қамтитын кәсіптік стандарттар әзірлеуді қызу бастаған болатын. 2023 жылы 133 кәсіптік стандарт әзірленіп, 219 кәсіптік стандарт өзектендіріліп, бекітілген еді.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де белсенді жалғасын тауып жатыр. 2024-2026 жылдарға құрылған арнайы жоспар бойынша 1000-ға жуық кәсіптік стандарттарды әзірлеп, өзектендіру мақсет етілген.

Кәсіптік стандарт талаптары жан-жақты талқыланып, әртүрлі саланың сұранысына сай келуі үшін жұмыс берушілер мен ассоциация өкілдері стандартты әзірлеуге қатысып, өз ұсыныстарын айта алады. Бұл процесске өз еркімен қызығушылық танытқан кез келген жұмыс беруші қатыса алады. Олардың ұсыныстары кәсіптік стандарттарды әзірлеу барысында ескеріледі.

Кәсіптік стандарттар ТжКОБ және ҚР жоғарғы оқу орындарының оқу әдістемелік бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен әзірленіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен бекітіледі.


Қандай мамандықтар қажет? Оқытудың әдіс-тәсілдері

Ұлттық біліктілік жүйесіндегі білім беру бағдарламалары еңбек нарығының қажеттіліктеріне қарай бейімделеді. Мемлекет тарапынан кадрлар тапшылығы талданады, ал жұмыс берушілер өздеріне қажет мамандардың біліктілік, білім, дағдылар деңгейін анықтап, белгілейді. Арнайы құрылған комиссия ұйымы, сарапшылар тобы бүгінгі таңдағы нарыққа қандай мамандар қат, қай мамандықтарға сұраныс жоғары, мамандар қандай жаңа білім мен технологияларды меңгеруге тиіс, оқытуда қандай әдіс-тәсілдер қолданған тиімді – осы сынды сұрақтарды талдап-сараптап, жауаптарын ұсынады. Сарапшылар пікіріне сәйкес білім берудің мазмұны мен методологиясы құрылады. Осылайша ҰБЖ сұраныстағы мамандықтарға оқытудың өзектілігін қамтамасыз етеді.


Маманның кәсіптік біліктілігін қалай таниды?

Кәсіптік біліктілікті тану – кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде ҚР Еңбек кодексіне сәйкес белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау және ол туралы шешім қабылдау рәсімі.
Кәсіптік біліктілігін тану рәсіміне кез келген жеке тұлға қатыса алады. Ерікті түрде, өз бетінше немесе жұмыс берушінің жолдамасы бойынша.
Кәсіптік біліктілікті танудан өту не үшін керек? Ол маманға өз саласы бойынша мансаптық өсу жолында жаңа мүмкіндіктер есігін ашады. Таңдалған қызмет саласы бойынша құзыреттілігін растап, еңбек нарығында жоғары деңгейлі мамандар қатарына қосады әрі сұранысты арттырады.

Иллюстрациялық сурет: telenetmarketing.com

Кәсіптік біліктілік – еңбек нарығындағы жұмыс іздеушілер мен әртүрлі сала мамандарының негізгі көрсеткіші. Кәсіптік біліктілікті бағалу несімен маңызды:

  • Жұмыс іздеуші өзінің кәсіптік біліктілігін бағалау арқылы танып, еңбек нарығындығы нақты деңгейін анықтай алады. Біліктілігіне сай жалақы мөлшерін белгілеп, мансап жолын айқындай алады.
  • Жұмыс берушіге кәсіптік біліктілікті тануға көмектесетін бағалау жүйесі ұйым талаптарына сай қызметкерді жұмысқа қабылдау нұсқаулығы бола алады.
    Сонымен, кәсіптік біліктілікті бағалау жұмыс беруші үшін де, жұмыс іздеуші үшін де маңызды.

Кәсіптік біліктілікті тану орталығында жұмыс іздеуші, әртүрлі сала мамандары тәуелсіз бағалау форматындағы кәсіптік біліктілікті тану емтиханынан өте алады. Сынақты сәтті тапсырған маманға кәсіптік біліктілігін растайтын құжат табысталады. Бұл құжат маманның жұмыс берушінің қойған біліктілік талаптарына сай екенін білдіреді.


Мәселен, сіз IT саласында жұмысқа тұрғыңыз келеді делік. Осы саланың маманына қажетті дағдыларды меңгергенсіз бе? Қолыңызда ЖОО дипломы болмаған жағдайда, меңгерген дағдыларыңыз басқа жолмен расталуға тиіс. ІТ саласының жұмыс берушілері қойған талаптарға сай екеніңізді қалай дәлелдей аласыз?
Career Enbek платформасы сіздің біліктілігіңізді растауға мүмкіндік береді.
Ол үшін алдымен Career Enbek платформасы арқылы кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтуге өтінім қалдырып, IT-саласындағы кәсіптік біліктілікті тану шарттарымен танысыңыз.

Сіз Career Enbek платформасы арқылы Тану орталығында кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтуге өтінім бере аласыз.
Өтінім мақұлданғаннан кейін Тану орталығын таңдау және өзіңізге қолайлы уақытты белгілеу мүмкіндігі болады.
Тану орталығы Сізге кәсіптік біліктілікті тану күні, уақыты және орны туралы барлық қажетті ақпаратты жібереді.
Біліктілікті тану процесі емтиханның екі кезеңінен тұрады: теориялық және практикалық.
Емтихан кезеңдерін сәтті тапсырғаннан кейін тану рәсімінен өту туралы шешім қабылданады және Сіз кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты аласыз.
Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат Сізге жұмысқа орналасуға және еңбек нарығында бәсекелестік артықшылыққа ие болуға мүмкіндік береді.


Қазақстанда 3 кәсіптік біліктілікті тану орталығы аккредиттелген. Бұл орталықтар туризм мен қонақжайлылық (17 кәсіп) және ақпараттық технологиялар (20 кәсіп) салаларын қоса алғанда 37 кәсіп бойынша дағдыларды растай алады.
Біліктілікті тану кәсіптік стандарттар негізінде жүзеге асырылып, үміткердің нақты саладағы біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалайды.
Қазіргі уақытта кәсіптік біліктілікті тану рәсімі 500-ден астам кәсіп түрлерін қамтиды. Жақын арада еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келетін жаңа кәсіптерді тізілімге енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, аккредиттелген орталықтар желісін кеңейту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Осы ретте, экономиканың түрлі салаларынан 20-дан астам әлеуетті кәсіптік біліктілікті тану орталықтары аккредиттеу рәсімінен өтуге бағытталған жұмыстарды алға қойған.


ҰБЖ-дегі жұмыс берушінің рөлі

Жұмыс берушілер Ұлттық біліктілік жүйесінің жұмыстарына белсенді қатысады.
Жұмыс берушілер мемлекеттік органдармен бірлесіп кәсіптік стандарттарды әзірлеуге және өзектендіруге қатыса отырып, олар еңбек нарығының жұмыскерлердің білімдері мен дағдыларына қойылатын талаптарын қалыптастырып, болашақта сұраныс болатын мамандықтардың тізбесін айқындайды.
Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің өкілдері Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің құрамына кіреді. Жұмыс берушілердің бірлестіктері салалық біліктілік шеңберін әзірлеуге қатысып, салалық мемлекеттік органдарға Кәсіптер тізіліміне кәсіптерді енгізу жөнінде ұсыныстар жібереді.
Жұмыс берушілер кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер құрамында кәсіптік біліктілікті тану рәсімін жүргізу үшін тану орталықтарының комиссияларына қатыса алады.

Қазақстандық еңбек нарығындағы кадрлар саны мен сапасын арттыру мақсатында Career Enbek платформасы құрылды. Еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің, жұмыс беруші мен маманның арасындағы байланыс негізінен осы цифрлық платформа арқылы іске асырылады.

Кәсіби біліктілікті арттыруға арналған заманауи ғаламторлық алаңнан кез келген маман мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы ақпарат алуына болады, кәсіби біліктілікке қойылатын талаптармен таныса алады. Жеке деректерді толтыру арқылы платформа базасына тіркелгеннен кейін кәсіби стандарттармен танысып, кәсіби жолын құруда және дамытуда өзіне тиімді жолдарды таңдап, мамандығы бойынша дағдылары мен мүмкіндіктерін, қабілеттерін растай алады. Ақпарат алаңында еліміздің және әлемдік еңбек нарығындағы соңғы жаңалықтар жарияланады. Сонымен қатар, әр алуан кәсіп, қызмет түрлері бойынша фильтрлеу тетігі де бар. Мамандық иелері үшін барлық қажеттіліктері қамтылып арнайы құрылған заманауи цифрлық алаңның мүмкіндіктерін мансаптық өсу, кәсіби біліктілігіңізді дамытып-жетілдіру үшін тиімді пайдаланыңыз.

Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ