​Ұлттық музейде «Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» атты жылжымалы көрме ашылды

0
384

Көрменің мақсаты - мәдени астанамыз Алматы қаласында орналасқан ҚР Мемлекеттік орталық музей қорында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қазақтың ұлттық дәстүрлі бірегей музыкалық аспаптарымен таныстыру, патриоттық рух сыйлау.


​Ұлттық музейде «Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» атты жылжымалы көрме ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейінің қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары коллекциясының негізінде жасақталған «Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» атты жылжымалы көрмесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Көрменің мақсаты - мәдени астанамыз Алматы қаласында орналасқан ҚР Мемлекеттік орталық музей қорында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қазақтың ұлттық дәстүрлі бірегей музыкалық аспаптарымен таныстыру, патриоттық рух сыйлау.

Көрмені ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов құттықтау сөзбен ашты.

«Баршаңызды келе жатқан Ұлттық домбыра күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін Ұлттық музейде тұңғыш рет мәдени астанамыз – Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейінің«Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» атты көрмесі ашылуда. Бұл көрме - қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер береді деп ойлаймын. Экспозициядан орын алған әрбір тарихи мұраны тамашалаушылар үшін қазақтың ұлттық аспаптары арқылы ұлтымызды танып, тарихымызды білуге ерекше әсер етеді деген ойдамын. Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор Ахмет Жұбанов атамыз айтқандай, қазақтың домбырасының әрбір пернесінде біздің өткен тарихымыз, әрбір пернесінде біздің қуанышымыз бен мұңымыз жатыр. Сондықтан да қасиетті қара домбыра, киелі өнерді ұстап жүрген барша өнерпаздарға тек қана шығармашылық табыс тілеймін. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі осындай игі іс-шараларды тек домбыра күніне емес, жыл бойына үлкен бағдарламамен өткізеді деген жоспар құруда. Бүгінгі көрменің де символикалық мәні ерекше. Ұлыларымыз ұстаған домбыралар сол кездегі тарихымызды елестетеді. Қазақ бар жерде домбыра мәңгілік. Ұлтымыздың осындай киелі, қасиетті өнері әрқашан биікте болсын»,-деді вице-министр Нұрғиса Мұратұлы.

Салтанатты жиында «Қарақат» мектеп-студиясы оқушылары домбыра және жетіген ұлттық аспаптарымен қазақтыңән-күйлерін орындады.

Көрмеге қазақ халқының әйгілі әнші-сазгері, ақын Жаяу Мұса Байжанұлының 1955 жылдың мамыр айында музей қорына ұлы Салық тапсырған домбырасы мен ішектері жылқының қылынан жасалған қобызы,қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының жары – Ділда Алшынбайқызының 1978 жылы музей қорына Абайдың шөбересі А.Ысқақовтың тапсырғанқос ішекті сүйектелген қалақ домбырасы, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, әйгілі әнші Күләш Жасынқызы Бәйсейітованың анасы тапсырған атаулы домбырасы қойылды.Сонымен қатар, қазақ тарихы мен мә­дениетіндегі шоқтығы биік тұлғалар – Әміре Қа­шаубаев, Манарбек Ержанов, Елу­бай Өмірзақов, Қа­ныш Сәтбаев, Қасым Аман­жолов, Жұбан Мол­дағалиев, Кемел Ақышев, Өз­бекәлі Жәнібеков сынды ғылым, мәде­ниет және өнер майталман­дарының музыкалық аспаптары да көрермен назарына ұсынылады.

Сондай-ақ, музыкалық аспаптардың ішекті, үрмелі, тілшелі, соқпалы түрлері – жетіген, шертер, қобыз, шаңқобыз, асатаяқ, тұяқ, қоңырау түрлерімен қатар домбыра жасаушы қолөнер шеберлерінің бұйымдары, барлығы 175 жәдігер көрермен назарына ұсынылды.

Іс-шара барысында музыкалық аспаптарға арналған дәстүрлі ішек шебері Сабыр Арғын арнайы шеберлік дәрісін көрсетті.