"Иттің тамағын өзің жеп қойдың ба?": бір жылда 30 келі салмақ қосқан келіншекке күйеуі күшік әкеп берген

0
322

"Бірақ мен аузымды тамақтан тыя алмадым..."


Сурет: image.phunuonline.com.vn

Айналамызда артық салмақпен күресіп жүрген қаншама адам бар. Бірінің бар уайымы - сырт келбеті болса, енді біреулері артық салмақтың салдарынан ауруға ұшыраған. Арықтап, сау әрі сымбатты бола түскендер жоқ емес. Жеңе алмай, күресі жылдарға созылып жүргендер де көп. Сондай жандарға "Арықтау үшін семіздігіңізді айтқан адамға ренжімеңіз, керісінше ерегісіңіз. Менің үш айдағы жеңісім сіздерге күш берсін!" дейді Алма атты оқырманымыз.

Ол ERNUR.KZ тілшісіне өзінің артық салмақпен шындап күресуіне түрткі болған кім екенін айтты.


"Екінші баламды дүниеге әкелгеннен кейін өмірім қатты өзгерді. Бір жылда 30 келі салмақ қосып алғанымды байқамай қалдым. Екі баламен ешқайда шықпаған соң кең ыңғайлы киімдерді киіп, семіріп бара жатқаныма соншалықты мән бермедім. Оның үстіне менде жаңа әдет пайда болды - балаларымнан қалған ботқаны, күлшені, нанды «обал болмасын» деп жеу. Күйеуім "Сен толысып бара жатсың" десе, "Көп жеп қойып жатқан сияқтымын. Балалардан қалған тамақты қоқысқа тастауға обал" деп ақталдым.

Күйеуім «арықта» дегенді жұмсартып айтып жүрді, бірақ мен аузымды тамақтан тыя алмадым.

Бір күні күйеуім үйге кішкентай күшік алып келді. Балаларым мәз. Мен де күшікті сипалап қуандым. Күйеуім "Балалардан қалған тамақты осы күшікке бер, өзің жеп қоймай" деп жымиды. Ал менің күлкім сап тыйылды. Ауыр тиді.

Ертеңіне жұмыстан келген соң "Күшікке тамақ бердің бе? Әлде бәрін өзің жеп қойдың ба?" деді. Сол сәттен бастап мен өзгеруге бел будым. Мен енді қалған тамақты жемейтін болдым. Кешкі асты да қысқарттым. Күйеуіме ерегесіп, оның көзінше тамақ жемей қоятын болдым. Үстел үстін жинап жатқанда, бір шеті тістелген бламның күлшесін ұстап тұрам да, күйеуімнің сөзін еске алам. Оны күшікке берем.

Үш ай өтті. 25 келі салмақ тастадым. Өзіме айнадан қарап, күлімсірейтін болдым.

Арықтаған соң жасарған да сияқтымын. Енді тағы 5-7 келі тастау жоспарда. Бірақ қалған салмақпен күйеуіме емес, өзіме дәлелдеу үшін күресем. Өйткені өзіңнің нәпсіңді жеңу – ең үлкен жеңіс екенін, ал нәтижесі ең тәтті ләззат екенін түсіндім.

Кейде өзгеру үшін адамға жанға бататын бір-ақ ауыз сөз жеткілікті болады. Бастысы оны әрекетке қамшы ретінде пайдалану керек.

Егер сол кезде күйеуім де мені аяп, үндемей жүре бергенде, мен әлі күнге дейін сол баяғы әдетіммен өмір сүріп жүрер едім."