Қарағандыда көлігімен қоса жоғалған азамат орманнан табылды
ERNUR.KZ. Қарағандыда 14 маусым күні ұлын балабақшадан алуға кетіп, көлігімен бірге із-түзсіз кеткен ер азамат табылды, деп жазады kaz.nur.kz.
Екі баланың әкесін іздеуде полицейлер көп еңбектенген. Олар көшедегі барлық бақылау камераларының таспаларын қарап шыққан.
Камералардың бірі көліктің көп демалыс орындары шоғырланған Қарқаралы қаласына қарай бағыт алғанын түсіріп алған.
Полицейлер сол жерге барып, демалыс үйлерінің әкімшілерімен сөйлескен. Қызметкерлердің бірі оны суреттен таныған.
Белгілі болғандай Евгений демалыс орнына жалғыз келіп, барлық уақытты орман кезумен өткізген.
Жауап алынған қызметкерлер ер адамның жабырқау күйде орман кезгенін хабарлады. Жедел уәкілдер ер адамды тауып, үйіне жеткізген.
"Ол отбасымен бірге, үйіне қайтарылды", - деп хабарлады Евгенийді іздеуге атсалысқан еріктілер.
Еске сала кетейік, 14 маусым күні Евгений Прокопчук ұлын балабақшадан алуға кетіп, кейін астындағы көлігімен бірге із-түзсіз жоғалып кеткен болатын.