Ұлытауда құлдықтағы балаларға емхана анықтама беріп келген – Оқиға неге 5 жылдан кейін анықталды

0
630

17 ақпанда Ұлытау облысында 5 жыл бойы фермада жұмысқа жегіліп, «құлдықта» болған балалар құтқарылды.


Ұлытауда құлдықтағы балаларға емхана анықтама беріп келген – Оқиға неге 5 жылдан кейін анықталды

ERNUR.KZ. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Ұлытауда 5 жыл бойы құлықта болған балалардың қалай анықталғанын айтып берді, деп жазады inform.kz.

«Ұлытау облысындағы балалардың жай-күйі неге 5 жылдан кейін анықталды? Қамқоршы органдар тексеру жүргізбеді ме? Енді қандай шара қолданылады?», - деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Өз жауабында Н. Оспанова қамқоршы органдар «Неке және отбасы» кодексіне сәйкес, жарты жыл сайын тексеру жүргізіліп тұрғанын айтты.

«2023 жылдың қыркүйегінде қамқоршылық органдар алғаш күдіктене бастады. Өйткені балалар кезек-кезек бір аптадан сабақтан қалып отырған. Бұл жағдай қаңтар айына дейін 4 ай бойы жалғасқан. Ең қызығы, емхана балалардың ауырып қалғаны туралы анықтама беріп отырған», - деді спикер.

Қаңтар айында Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалар тәрибеленіп жатқан барлық отбасыны тексеріп шығуға тапсырма берген. Осы тексеру аясында Ұлытау облысында құлдықта болған балалар табылған.

«Қазір қылмыстық іс жүріп жатыр, тиісінше, қамқоршылық органына, емхана, мектеп және колледж қызметкерлеріне қатысты процестер тексерілуде. Әрине, асырап алған ата-аналар да жауапкершіліктен құтылмайды. Мұндай жағдайда 111 телефонына хабарласу керек. Кез келген күдікті жайтты байқасаңыз, бейқам өтіп кетпеңіз. Мәселен, көршілер, мұғалімдер, өтіп бара жатқан адамдар, туыстар, достар, құрбылар. Балаға қатысты әрбір жағдай туралы хабарлау өте маңызды», - деп қорытындылады Насымжан Оспанова.

Еске сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысында 5 жыл бойы фермада жұмысқа жегіліп, «құлдықта» болған балалар құтқарылды.

19 ақпанда күдікті әйел ұсталды.