Аудан әкімі өздеріне берілген үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтқан тұрғындарды айғайға салып қуған
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Аққайың ауданының әкімі, оңтүстіктен теріскейге қоныс аударғандарды айғаймен қуған Рүстем Елубаевқа қатаң сөгіс жарияланды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылына мемлекеттік бағдарлама арқылы көшіп келген тұрғындар жергілікті билікке өкпесін жеткіземіз деп, аудан әкімі Рүстем Елубаевтан «Ұнамаса кетіңдер!» деген сөзді естігенін жазған едік. Тұрғындар өздеріне берілген үйлердің сапасы сын көтермейтінін, жұмыс таба алмай жүргендерін айтып шағымданған еді.
«Нөсер болса, келесі күні еден астыну су кіріп, үй сыз тартып кетеді. Астындағы желдету жүйесі дұрыс жасалмаған. Су үйге кіргізілмеген, көшеге ортақ колонка қоямыз, үйге өздерің тартасыңдар деп отыр. Ол қосымша шығынды талап етеді. Осының бәрін айтпақ болып әкімге барып едік, «Сендерді мен шақырған жоқпын, ұнамаса, ауылдарыңа қайта беріңдер, қайда барып шағымдансаңдар да, ол арыздарың айналып менің алдыма келеді. Жол шығынына кететін ақыны өзім-ақ төлеп беремін» деп отыр. Бұл Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаевтің сөзі», - деген еді Аққайың ауданы, Астраханька ауылының тұрғыны Съезбек Айтуаров Azattyq Rýhy тілшісіне 29 қыркүйекте берген сұхбатында.
ҚЫЗМЕТТІК ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛДІ
Мақала жарық көргеннен кейін Аққайың ауданында тексеріс жұмыстары басталған болатын. 32 үйді сатып алуға 224 млн теңге бөлінген. Әрқайсысының бағасы 7 млн теңгегеден астам қаражатқа бағаланған. Алайда олардың көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Күзде ылғалдың кесірінен көгеріп жатса, қыс басталғалы жылынбай, тұрғындардың берекесін кетіруде.
«Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша Аққайың ауданына еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келген тұрғындарға берілген үйлердің сапасына қатысты қызметтік тексеріс жұмыстары жүргізілді. Құрылыста жіберілген кемшіліктерді уақытылы жоймағандықтан, аудан әкімі Рүстем Елубаевқа қатаң сөгіс жарияланды. Үйлерге қатысты жасалған ескертулерді қысқа мерзімде жоюға тапсырма берілді. Өңір басшысы аудан әкімдеріне осы сынды олқылықтар үшін қызметінен босатылуы мүмкін екенін ескертті», - делінген СҚО әкімінің баспасөз қызметі берген хабарламада.
Шіріген еден, үгітіліп түсіп жатқан сылақ, тас еден, жарылған қабырға, шатырдан соққан жел, жылынбайтын пеш... Құрылыста жіберілген кемшіліктер қалпына келтірілмек. Оған айыпты шенеуніктер мен мердігер компанияның емес, мемлекет бюджеті есебінен қаржы кетеді, әрине.
«Еңбек» бағдарламасына қатысушылар қоныс аударғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Жұмыс болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар қысқамерзімді қайта даярлау курстарына жолдама беруі шарт. Бағдарламада өз ісін ашып, кәсіпкер болғысы келетіндерге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылған. Қоныс аударушылар 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант немесе микронесие алып өзінің жеке кәсібін аша алады. Бағдарлама қатысушыларының айтуынша, грант та дер кезінде берілмеген.
ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАР ҚАЙТА КЕТІП ЖАТЫР
Елімізде 2017 жылдан бері нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Көзделген мақсат – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы сынды жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. Бағдарлама іске қосылғалы бері Қызылжар өңіріне 2 мыңна жуық отбасы қоныс аударған.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысына 736 отбасы, яғни 2 223 адам көшіп келген. Олар Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларынан қоныс аударған. Алайда 20-дан астам отбасы теріскейде тұрақтауды жөн көрмепті. Мемлекет тарапынан берілген қыруар сомадағы материалдық көмекті қайтарып беруге мәжбүр болғанына қарамастан, 100-ге тарта адам өз өңірлеріне қайта кетіп қалған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының берген мәліметіне сәйкес, «Еңбек» бағдарламасына қатысушы әрбір адамға бір рет 35 АЕК ( 97 230 теңге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Сондай-ақ, он екі ай бойы ай сайын тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу мақсатында отбасындағы адам санына байланысты 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде субсидия төленеді. Қоныс аударушылар түрлі себептерге байланысты шығу өңірлеріне қайта оралған жағдайда субсидияны ерікті түрде қайтарып беруі шарт. Егер ол жүзеге асырылмаса, жергілікті атқарушы органдар сот көмегіне жүгінеді.