Үржардағы жантүршігерлік жол апаты: Куәгерлер балалардың дөңгелекке қыстырылып қалғанын айтты

0
116

Екі бірдей отбасы балаларынан айырылды.


Үржардағы жантүршігерлік жол апаты: Куәгерлер балалардың дөңгелекке қыстырылып қалғанын айтты

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылындағы қайғылы жағдайдың қалай болғаны туралы марқұм балалардың туыстары баяндады. Оқыста мерт болған балалардың ең кішісі 2 жаста. Ауыр жарақат алған тағы үш жеткіншектің өмірі үшін дәрігерлер әлі де күресіп жатыр, деп жазады stan.kz.

Екі бірдей отбасы балаларынан айырылды. Марқұмдардың үлкені 8, кішісі 2 жаста болған. Куәгерлердің айтуынша, жол жиегінен шығып кеткен көлік үйдің қақпасына соғылып, аулада алаңсыз ойнап жүрген алты баланы басып өткен. Қираған қақпа мен қоршау үйдің алдында жиналмаған күйі жатыр.

“Қақпаның жанында жүрген бір қызды қаққан бірінші. Одан кейін қақпаны қаққан. Қақпаның ішінде балалар отырған. Дөңгелек пен қанаттың ортасына екі бала қыстырылып қалған. Жүк тиегішпен машинаны көтеріп, балаларды алған”, – дейді марқұмдардың туысы Ерболат Сүйгенбаев.

Көршілері келіп, науқастарды мәйітхана мен ауруханаға жеткізуге жәрдемдесіпті. Өкінішке қарай, ауыр жарақат алған бір ұл мен қыз оқиға орнында, тағы бір қыз көлікте жан тапсырған.

“Төрт баланы алып кетіпті, сосын екі баланы ТЖМ-мен шығарып менің машинама салып берді. Содан мен мәйітханаға апардым. Барлық жақындары қабырғалары қайысып уайымдап отыр. Бәріне көңіл айтамын”, – дейді Бестерек ауылының тұрғыны Мұрат Ахметов.

Бас сүйегі мен аяқ-қолы сынып, ішкі ағзаларына зақым келген 6 мен 9 жас аралығындағы үш баланың екеуін дәрігерлер санавиациямен Астанаға алып кетті. Ал аудандық ауруханада жатқан қыздың жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер. Науқасқа президенттің тапсырмасымен елордадан шұғыл жеткен білікті медицина мамандары бірнеше ота жасаған.

“Шамамен әрбір отамыз екі сағатқа жалғасты. Бірінші отамыз ол ішкі ағзаларға байланысты, яғни бауыр, ішек зақымдануына байланысты ішкі ағзаларына қан құйылған. Екіншісі, жарақаттан кейін бас ми ісінген. Соған байланысты ота жасалды. Өміріне қатты қауіп төніп тұр деп айтуға болады. Өйткені жарақаттары күрделі, ауыр”, – дейді дәрігер-нейрохирург Сапарбек Сейітбеков.

Балаларды қаққан 55 жастағы көлік жүргізушісі қазір қамауда. Ол да Бестерек ауылының тумасы екен. Ұлдарының айтуынша, әкесі 20 жыл автобус айдаған тәжірибелі жүргізуші. Жол апаты болған кезде көлікте оның әйелі де болған.

“Жүрек талмасы ұстағаннан кейін рөлге ие бола алмаған. Анам жанында болған. Оқыс жағдай, қас-қағым сәтте болған. Өте қайғылы жағдай болып жатыр. Көңіл айттық. Кешірім сұраймыз. Көңіл айттық. Олар да жағдайға түсіністікпен қарап отыр. Ешкімнің де бұндай сынақпен сыналмасын. Ешкім мұндай күтпейді ғой мұндай жағдайды”, – дейді жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлы.

Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша жүргізуші есірткі мен ішімдік қолданбаған екен. Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, жол апатының себеп-салдарын анықтап жатыр.

Еске салайық, бұған дейін 19 тамызда Абай облысы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші Toyota көлігімен бір топ баланы қағып кетті. Жол апаты салдарынан үш бала қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алды. Жүргізуші ұсталды, ол мас болмаған. Қайтыс болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруда материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі. Президенттің тапсырмасымен Үржар ауданына дәрігерлер мінген әскери ұшақ жіберілді. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, жағдай облыс әкімдігінің ерекше бақылауында.