Тағы бірнеше тәлімгер профессордан жыныстық зәбір көргенін айтты.
«Буллингтің астында қалдым, ұстазым қол жүгіртті» деп мәлімдеме жасаған Астана медициналық университетінің студенті бүгінде өзге мұғалімдерден теперіш көруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Төртінші курс студенті «Университетте жүріп-тұруым мұң болды» дейді. Ұстаздың оғаш әрекетін көрген жалғыз бұл емес екен. Профессорға өкпелі бірнеше студент полицияға арыз түсірген. Мән-жайды қазір полиция анықтап жатыр.
Елордадағы медицина университетінің төртінші курс студенті 17 қарашада болған оқиғаны жиіркенішпен еске алады. Айтуынша, емтиханды қайта тапсыруға шақырған ұстазы сол күні ерекше ізетті, сыпайы болып көрінген. Дәрісханаға кірген бойы есікті құлыптап, терезелерді жапқан соң, профессор «теориядан практикаға» көшкісі келіп, қызықтың көкесі сол кезде басталыпты.
«Маған «төс тартқышыңды көтер, мен жүрек қағысыңды тыңдауым керек» деді. Қорыққаным соншалық, есік-терезе жабық , ойлаңызшы, не істерімді білмей, айтқанын бұлжытпай орындадым. Сосын көкірегімді умаждап ұстай бастады. Бір орында қатып қалғанымды ғана білемін. Шамамен бір минуттан кейін есімді тез жиып алдым да, «мен қорқып тұрмын» деп айттым. Сонда оның маған айтқан бар жауабы: «Неге қорқасың? Мен бар болғаны денсаулығыңды тексеріп жатырмын» болды», - дейді Аида Жампейісова.
Деканатқа көз жасын тыя алмай жеткен студенттің жанайқайына сол күні құлақ асар пенде болмапты. Аида Жампейісова «түймедейді түйедей етесіңдер» деп өзге мұғалімдер келеке қылды дейді.
Ал басынан кешкенін Инстаграмда ағынан жарылып айтқанынан кейін студент қыздың басына қара бұлт үйірілген. Тіпті жыныстық азғындық жасаған мұғалімнің отбасы қыздың ата-анама тікелей қысым көрсеткен. Универститет мұғалімдерін де әріптесін қолдап, студентке қысым көрсеткен.
Студенттің инстаграмдағы жазбасынан кейін профессордан жыныстық зәбір көрген әр жылдардағы тәлімгерлер өз естеліктерін жарыса жазуда. Аидадан бөлек тағы үш студент дәл осы мұғалімнен сексуалдық сипатта «жәбір көрдік» деп полицияға шағымданыпты.
Қазір осы қыздардың арызы бойынша Сарыарқа ауданының полиция бөлімі істің мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кеткен.
Универститет әкімшілігі оқиға бір шешімін тапқанша қызды оқудан шеттетіпті. Студент полицияға арыз жазып адвокат жалдағаннан кейін ғана сең орнынан қозғалған. Сөйтіп профессор жұмыстан шығарылған. Бірақ өзі тағылған айыпқа қатысты жауап берген жоқ. Ал Аидамен қатар арыз түсірген студенттер де профессорға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын қалайды. Қысыр әңгімеден басын арашалап, материалдық өтемақы талап етеміз деп отыр.