"Ұялмайсыздар ма?": Айтыскер ақын ант берген депутаттарды аяусыз сынға алды (видео)

0
2 691


ERNUR.KZ. Танымал айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов ант берген депутаттарды сынады. Айтыскер ант мәтінін дұрыс оқи алмаған депутаттарға халық тағдырын сеніп тапсыруға болмайтынын алға тартты, деп жазады Stan.kz.

Айта кетейік, 15 қаңтарда VII шақырылған парламент мәжілісінің жаңа сайланған депутаттары ант берді. Қазақ тіліндегі мәтінді оқи алмағандар мазаққа қалды.

Жандарбек Бұлғақов депутаттардың әрекетін талдап, бес ауыз сөзді жатқа оқи алмаған шенеуніктерді аяусыз сынады.


«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, оның Конституциясы мен Заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін!». Бар болғаны осы 4-5-ақ сөйлемнен тұратын кішігірім мәтінді бүгін елдің елеулісі, халықтың қалаулысы деген депутаттарымыз айта алмады. Ант беру рәсімінде дал-дұлын шығарып, каша қылып жібердіңіздер ғой, құрметті депутаттар», — деді айтыскер.


Бұлғақовтың айтуынша, депутаттар алдын ала берілген мәтінді жаттамай, мәртебелі іске немқұрайлы қараған.





«Депутаттарға халық тағдырын сеніп тапсыра ма? Әлде әліппені қайтадан өту керек пе мен түсінбедім. Ант беру рәсімінде сіздер антты бұзып тұрсыздар ғой. Халыққа адал қызмет етемін дейсіздер. Бірақ халықтың тілінде сөйлей алмай жатсыздар. Аяқ астынан сөз келіп қалса түсінемін. Адам аяқ астынан сасып қалуы мүмкін. Бірақ сіздерге «Ертең сағат осындайда, осындай жерде ант беру рәсімі өтеді деп айтатын рәсімдеріңізге дейін алдын ала берілді, берілмеді емес. Ол ақымақ адамға да түсінікті. Сол үш-төрт-ақ сөзден тұратын мәтінді мыңқ-мыңқ, быдық-быдық демей халықтың көзіне қарап шын жүректен ан беруге болатын еді. Мына тірліктеріңіз үшін сіздер ұялу керексіздер», - деді айтыскер.


"Мен осыдан кейін бала-шағам мен болашағымның алдында сіздерге ешқашан дауыс бермеймін деп ант беремін. Айтпақшы, мен бұл жолы да сіздерге дауыс берген жоқпын", - деді Бұлғақов.


Оның сөзін журналист Дәулет Мұқаев қолдады.


"Біраз күліп те алдым. Негізі күлетін нәрсе емес. ЖЫЛАУ КЕРЕК! Олар үшін мен ұялып отырмын", - деп жазды ол.


10 қаңтарда Қазақстанда парламент мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Мәжіліске үш партия - Nur Otan, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы және «Қазақстанның Халық партиясы» өтті. Сондай-ақ Мәжілістің жаңа құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясынан атынан сайланған тоғыз адам кірді.