"Өліп қала жаздадық қой", дейді елордалық өрт сөндіруші.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген елордалық өрт сөндірушінің видеосы пайда болды. Видеода ол өрт сөндірушілердің қамсыздығын көп сынайтындарға жауап беріп, өздерінің қанша жалақы алатындарын айтады деп жазады Zakon.kz.
"Бүгін біз алапат өртті сөндірдік. Жағдай қиын болды. Шатыр да, пәтерлер де отқа оранды. Біз шатырға көтерілдік, отты сумен атқыладық. Бірақ су тез таусылып қалды. Нақтысын айтқанда, су жоғарыға көтеріле алмай қиналды. Сондай ақау болды. Өйткені судың қысымы төмен. Жағдай қиын болды, өзіміз өртеніп кете жаздадық. Гидранттарда қысым болмады, содан су болмай қалды. Ел тағы айтып жүрмесін, бұлар сусыз келеді деп", - дейді видеодағы ер адам.
Бұдан бөлек ол өз жұмыстарының қиындығы мен жалақыларының аздығын да сөз етеді.
"Өлім мен өмірдің арасында қалдық қой. Біздің жігіттер 80 мың, 90 мың, еңбек өтілі жоғарылар 110 мың теңге айлық үшін, міне өмірлерін осындай қауіп-қатерге тігіп, елдің мүлкін қорғау үшін еш тайсалмай отқа бас қоюда. Ол жігіттерге қарап мемлекетіміз үшін ұялып кеттім. Көтеруге болады ғой айлықты", - дейді өрт сөндіруші.
Айта кетсек, 9 шілдеде Нұрсұлтан қаласында кешкі 8-ге қараған шақта "Британ кварталы" ауданындағы элиталы тұрғын үйдің шатырынан өрт шыққан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жеткен.