Вакцинаның жағымсыз әсерінен гөрі коронавирус әлдеқайда қатерлі - маман

0
2 243

Вакциналау – індетке қарсы тұрудың, адамдарды коронавирус қаупінен сақтандырудың ең озық амалдарының бірі.


Вакцинаның жағымсыз әсерінен гөрі коронавирус әлдеқайда қатерлі  - маман

ERNUR.KZ. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева коронавирусқа қарсы вакцинаның маңызы туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева:

«Вакциналаудың маңызы туралы айта кеткім келеді. Вакциналау – індетке қарсы тұрудың, адамдарды коронавирус қаупінен сақтандырудың ең озық амалдарының бірі. Екпе сау адамдарға салынатындықтан, халық арасында қазір егілетін препаратқа күмәнмен қарайтындар да бар. Ол түсінікті. Сау адамға вакцина салынғаннан кейін оның бойынан жағымсыз әсерлер байқалса, әлбетте, халық одан қорқа бастайды. Бұл ретте инфекцияның аса бір үрейлі кезеңдері өткендей болғандықтан, халық оның қаупінен гөрі вакцинаның жағымсыз әсеріне көбірек назар аударуда», - деді Нұршай Әзімбаева.

Басқарма басшысы мысалға полиомиелит ауруын келтірді.

«Бұрын аталарымыз бен әжелерімізге вакцинаның неліктен керектігін түсіндірудің өзі де артық болатын. Өйткені әр ауылда полиомиелитпен ауыратын адамдар көп еді. Бұл ауруға шалдыққандар орнынан қозғала алмай, қозғала алатындары қолына таяқ ұстап әрең жүретін. Қызылшада да сол. Бір үйде 10-15 бала болған кездерде қызылшаға шалдығып, ажалдың содан келетін жағдайы да көп болған. Оған қарсы вакцина пайда болған кезде адамдар ойланған жоқ – бірден екпе алды. Себебі вакцинаның жағымсыз әсерінен гөрі аурудың өзі неше есе қауіпті екенін жақсы түсінетін. Бұрын қауіпті болған сол инфекциялар қазір «шегінді». Олар да бір кездері коронавирус секілді жұрттың үрейін ұшыратын. Сондықтан сол инфекциялар вакциналар арқылы жойылғанын еске саламыз», - деді Нұршай Әзімбаева.

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұршай Әзімбаева ақылы екпе кабинеттерінде КВИ-ге қарсы вакцина салынбайтынын ескерткен еді.