Вице-министр Қытайдың қазақтарды неге елге жібермей отырғанын айтты

0
1 355

​Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді елге оралғысы келетін Қытайдағы қазақтардың мәселесі бойынша қандай қиындықтар туындап жатқанын айтты


Вице-министр Қытайдың қазақтарды неге елге жібермей отырғанын айтты

көрнекі фото: © REUTERS / Thomas Peter

Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді елге оралғысы келетін Қытайдағы қазақтардың мәселесі бойынша қандай қиындықтар туындап жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан .

Айта кетсек, бүгін мәжілістегі үкімет сағатында Бекболат Тілеухан Қытайда қиындыққа тап болған қазақтардың мәселесін көтерген еді.

"Расында да, Бекболат Қанайұлы көтеріп жатқан мәселе өте орынды. Тарихи отанға қайтам деген қазақтар шетелде көп. Өздеріңіз білесіздер, біздің жақта да қолымыздан келгенше жағдай жасалып жатыр. Былтыр, мысалы, дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Қытай қазақтары Елбасымызға мәселесін жеткізіп еді. Жеңілдікпен алатын азаматтық үшін біраз құжаттар қиыншылықпен түседі екен. Елбасының тапсырмасы бойынша ішкі істер министрлігі сол құжаттардан бас тартты, талап етпейтін болды. Бірақ қазір енді одан басқа мәселе туындап жатыр", — деді Тілеуберді.

Оның айтуынша, Қытай билігі қазақтарды тұрақты тіркеуден шықпағаннан кейін елге жібермей отыр.

"Қытайдан келген қазақтар жеңілдікпен азаматтық алатын болды, одан кейін олар Қытай елшілігіне барып, төлқұжаттарын тапсыратын. Ал енді Үрімші жаққа қайтып барған кезде олар тұрақты тіркеуден шықпағанына байланысты қамалып отыр. Өйткені олар тұрақты тіркеуден шықпағаннан кейін қосымша әлеуметтік төлемдерді алып отыр екен. Осыны себеп қылып жергілікті үкімет тыйым салып жатыр. Осындай мәселелер туындауда", — деген вице-министр қазақтардың мәселесін талқылау үшін Үрімшіге ресми сапармен баратынын жеткізді.

"Расында да, біз жеңілдіктер жасаған кезде оны жан-жақты қарауымыз керек. Сол елдегі талаптарға қайшы келмейтіндей жасауымыз қажет. Бұл мәселе бойынша Қытай үкіметімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ертең мен Үрімшіге шықпақшымын. Сол жақтағы қазақ диаспорасының мәселесін талқылау үшін ресми сапармен барамын", — деді сыртқы істер министрінің орынбасары.