«Ыстық бөлмеде қамап ұстап, ойыншық бермеген»: Тараздағы ерекше балалар орталығында дау шықты

0
71

​Алайда орталық басшысы бұл айыппен келіспейтінін айтып отыр.


«Ыстық бөлмеде қамап ұстап, ойыншық бермеген»: Тараздағы ерекше балалар орталығында дау шықты

Видео: скриншот

ERNUR.KZ. Тараз қаласындағы жекеменшік «Нұрлы әлем» коррекциялық орталығының жұмысына қатысты әлеуметтік желіде дау шықты. Ерекше баланың анасы орталық қызметкерлері тәрбиеленушілерді ыстық бөлмеде ұстап, ойыншық бермей, далаға шығармайтынын айтып, бейнеүндеу жариялады. Алайда орталық басшысы бұл айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Шағымданушының айтуынша, орталықтағы балалардың бір бөлігі күні бойы тар бөлмеде отырады. Оның сөзінше, балаларға ойыншықтарды алуға рұқсат етілмейді, ал қызметкерлердің өзі телефон шұқылап, тәрбиеленушілерге жеткілікті көңіл бөлмейді. Ата-ананың сөзінше, орталықта балалармен жоспарлы сабақтар да толық көлемде өткізілмейді.

«Міне, мына жерде ешкімге шығуға болмайды. Апайымыз осында отыр. Телефон қарап отыр. Балаларды шығармау үшін осы жерде отырады. Ойыншықтарды алуға болмайды. Менің балам қазір ашуланады. Бәрінің қолында телефон», – дейді бейнежазба авторы.

Дегенмен түзету орталығының басшысы Света Тәжібекова әлеуметтік желіде тараған бұл мәлімдемелермен келіспейтінін айтып отыр.

«Біздің орталық балабақша ретінде жұмыс істейді және күнделікті қызмет заңмен бекітілген режимге сай ұйымдастырылады. Балалардың тамақтануы, сабақтары, демалысы, серуені мен ойын уақытының барлығы белгілі бір кесте бойынша өтеді. Сондықтан әлеуметтік желіде айтылғандай балаларды бір бөлмеге қамап қою немесе ойыншық бермеу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бейнежазбада қызметкердің телефон қарап отырғаны рас. Мен оны ақтамаймын және ата-аналардан кешірім сұраймын. Бірақ ол қызметкер тәрбиеші емес, күтуші болатын. Бұл жағдайды балаларға қатыгездік жасалды немесе олар қараусыз қалды деп бағалауға болмайды», – дейді «Нұрлы әлем» түзету-оңалту орталығының басшысы.

Оның айтуынша, орталықтағы барлық бөлме бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Камераларға ата-аналардың өздері де қол жеткізе алады. Олар кез келген күн мен уақыттағы жазбаны қарап, балалардың қалай жүргенін бақылай алады. Егер біз балаларға қысым көрсететін болсақ немесе заңсыз әрекетке барсақ, мұндай мүмкіндік бермес едік.

«Желіде тараған видео балаларды серуенге дайындау кезінде түсірілген. Сол сәтте ойыншықтар уақытша жиналып жатқан. Ал күн қатты ыстық болғандықтан, балаларды түсте емес, ауа райы салқындағаннан кейін далаға шығарамыз. Бұл – орталықтағы күн тәртібіне сәйкес қабылданған шешім. Сондықтан ата-аналар мен жұртшылықтан әлеуметтік желідегі бір ғана видеоға сүйеніп қорытынды жасамауды сұраймын. Кімде-кім орталықтың жұмысына қатысты сұрақ қойғысы келсе, келіп өз көзімен көріп, содан кейін ғана баға бергені дұрыс», – деді «Нұрлы әлем» түзету-оңалту орталығының басшысы.