Бүгінгі таңда 1300 студенттің 1000-нан астамы басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылды.
ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жұмыс тобы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің студенттерін басқа жоғары оқу орындарына ауыстыруды аяқтап жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда 1300 студенттің 1000-нан астамы басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылды. Қалған студенттерді ауыстыру мәселесі аяқталуға жақын. Айта кетейік, бұған дейін Шет тілдер және іскерлік карьера университеті білім беру лицензиясынан айырылғанына байланысты студенттерін басқа білім ошақтарына ауыстыру үшін жұмыс тобы құрылған болатын. Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің қызметкерлері қазір Алматы қаласында студенттермен, ата-аналармен және университет қызметкерлерімен кездесулер өткізіп жатыр», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Министрлік мамандарының айтуынша, былтыр Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде тексеру жүріп, жұмысында олқылықтар анықталған. Осы жазда университет жабылып, білім беру лицензиясынан айырылатыны туралы ақпарат жарияланды.
«Дегенмен, студенттер басқа жоғары оқу орындарына ауыспай, сот апелляцияларының нәтижелерін күту туралы шешім қабылдады. Тек университет жұмысын іс жүзінде тоқтатқан соң ғана басқа жоғары оқу орындарына ауысуға келісім берді. Жұмыс тобының алдына студенттерді басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру міндеті қойылды. Барлық студенттер транскриптер алып, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, «Нұр-Мүбарак» университеті, Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті сияқты жоғары оқу орындарына жіберілді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының басшылықтарының жетім балаларға жеңілдіктер беру туралы келісімі бар», – дейдіҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова.