Жалақыны кешіктіретін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту ұсынылды

0
371

Сарапшылар қолданыстағы еңбек заңнамасын жетілдіру қажет деген пікірде.


Жалақыны кешіктіретін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту ұсынылды

ERNUR.KZ. Жалақыны кешіктіргені үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту қажет. Бұл туралы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Кәсіподақтар федерациясы бұрыннан бері Еңбек кодексі қайта қарауды қажет ететінін айтқан болатын. Себебі құжатта сілтемелік нормалар жиі кездеседі. Кәсіпорындар жалақыны индекстеуі тиіс екенін айтып отырмыз. Еңбек Кодексінде ұжымдық шарттарға бағыттайтын сілтемелік нормалар бар. Өздеріңізге белгілі, ұжымдық шарттардың тек 12%-ында ғана жалақыны индекстеу нормасы бар. Сондықтан да біз жалақыны индекстеу заңнамалық деңгейде бекітілу қажеттігін ұсынамыз. Яғни бұл барлық кәсіпорынды қамтуы тиіс. Мәселен, кәсіпорындар қаңтар немесе ақпан айларында "жалақы 7-10 пайызға өсті" деп мәлімдейді. Негізінен бұл айлықтың өскенін емес, бар болғаны индекстеуді көрсетеді. Бұл мекемелерде жалақыны индекстеу ресми айтылған инфляция деңгейіне қарағанда жиі төмен болады", - деді ол еңбек құқығының өзекті мәселелері бойынша елордада өткен дөңгелек үстел кулуарында.

Мұхтар Тінікеев өндірістік кеңестерді құруды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет екенін жеткізді.

"Өндірістік кеңестердің 86 пайызы бюджет саласында құрылған. Экономиканың шынайы секторындағы 12 мың кәсіпорында ғана осындай кеңестер бар. Сондай-ақ жалақыны кешіктіргені үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту қажет. 2023 жылы 26 мың жұмысшылардың алдында жалақы бойынша 6 млрд теңгеге жуық берешек болды. Жылдың басында бұл көрсеткіш шамамен 700 млн теңгені құрады. Бірақ бұл үшін ешбір жұмыс беруші жауап бермейді. Еңбек Кодексінде жұмыс берушінің жалақыны кешіктіргені үшін 1,25 мөлшерінде өсімақы төлейтіні көрсетілген", - деп жалғастырды спикер.

Сарапшылар аталған өсімақы мөлшерін 5 пайызға дейін көтеріп, жалақыны кешіктіргені үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін енгізу керек деген ұсыныс тастады.