Жалған анықтама сатқан медбикелер жұмыстан кетті

0
1 551

Бірқатар емханаларда медициналық анықтамалар еркін түрде сатылған


Жалған анықтама сатқан медбикелер жұмыстан кетті

фото: Baq.kz

ERNUR.KZ. Павлодар облысында медициналық анықтамаларды саудалаумен айналысқан бірнеше емхана қызметкерлері жұмыстан қуылды, деп жазады. Baq.kz

Айта кетейік, деректер бұған дейін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстағы департаментінің мамандары жүргізген тексеріс нәтижесінде тіркелді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашевтың айтуынша, заңсыз анықтама сатып, нәпақа тапқандарға қатысты қатаң шара қолданылатын болды.

«Анықтамаларды сатумен көбінесе медициналық регистраторлар айналысқан. Сонымен қатар, бір медбике бар. Олардың барлығы жұмыстан кетеді. Ал жалған анықтамаларды беруге жол берген емханалардың бас дәрігерлеріне қатысты қатаң сөгіс жарияланады. Қызметтік тексеру жүргіземіз», - дейді Ораз Мұқашев.

Еске салсақ, арнайы мониторингтік топ «Жасырын сатып алушы» әдісі арқылы бірқатар емханаларда болып, заңға қайшы келетін әрекеттерді әшкереледі. Нәтижесінде медициналық анықтамалардың «еркін» саудада бар екені белгілі болған. Құжаттар 2 мың теңгеден 8 мың теңгеге дейінгі сомада бағаланған.

Айта кетейік, бұл саладағы алғашқы тексеріс емес. Бұған дейін мамандар облыстағы ауруханаларда болып, ақылы медициналық қызметтердің бағасын негізсіз көтерілуін анықтаған. Кейін ақылы қызметтерге бірыңғай тарифтер енгізілді.