Азық-түліктен бөлек 60 тонна құрылыс материалдары да жіберілген.
ERNUR.KZ. Жойқын жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласына Жамбыл облысынан гуманитарлық көмектің алғашқы легі жіберілді.Бұл туралы Жамбыл облыстық "Жас Отан" Жастар қанаты төрағасы Уәли Болатбек әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп жазады nur.kz.
Қазіргі уақытта жалпы құны 8 млн теңгеден аса қаржы көлемін құрайтын 40 тонна азық-түлік тиеліп, одан бөлек 60 тонна құрылыс материалдары жіберілген.
Нақтырақ айтқанда, 10 тонна ұн, 10 тонна қант, 18 мың дана құс жұмыртқасы, 1,5 тонна тауық еті, 350 келі шұжық өнімдері, 1 тонна сүт өнімдері, 200 келі макарон өнімдері, 1 тонна өсімдік майы, 400 келі печенье, 700 келі қияр және 1000 дана бөлке нан дайындалған.
"Сонымен қатар, Арыс қаласына медициналық қызмет көрсету мақсатында арнайы 4 бригада жіберілді. 2,2 млн теңге қаражат көлемінде қажетті дәрі-дәрмек бөлінді",- деп жазды Уәли Болатбек.
Жамбыл облысында көмек көрсету шаралары жалғасын табады. Алдағы уақытта тосыннан келген апаттан зардап шеккен халыққа 180 тоннадан аса гуманитарлық көмек жолданбақ.