Жамбыл облысының «Шөлдала» шекара бөлімшесіндегі жауынгер өлімі фактісі бойынша ішкі тергеу жүргізіліп, бірнеше адам қызметінен шеттетілді.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары–Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Заңнамаға сәйкес, қызметтік тергеу аяқталғанға дейін кез келген фактіні жариялауға болмайды. Өйткені тергеу аясында көптеген түрлі деректер қарастырылып жатыр. Оның қайсысы расталатыны тергеу кезінде анықталады», - деді Ерлан Алдажұманов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол тергеу амалдарын басқа ведомство жүргізіп жатқанын айтты.
«Сондықтан біз тергеу материалдарын да қарай алмаймыз. Сондықтан осы іске қатысты нақты түсінік бере алмаймын. Тергеу аяқталғаннан кейін, тиісті мәліметтерді аламыз. Бұдан бөлек, біз осы жағдайды өзіміз тексердік. Бұл ретте тәртіптік және басқа да шешімдер жасалды. Жамбыл облысы бойынша шекара қызметі департаментінің басшысы қызметінен шеттетілді. Аталған шекара бекеті орналасқан басқарма басшысы мен оның тәрбие жөніндегі орынбасары да қызметінен шеттетілді. Олар тергеу амалдарының аяқталуын күтіп отыр. Осыдан кейін осы лауазым иелеріне қатысты тиісті шешім шығарылады», - деді Шекара қызметінің директоры.
Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр қыркүйек айында Жамбыл облысының «Шөлдала» шекара бөлімшесіндегі жауынгер өліміне қатысы бар болуы мүмкін күдікті қамауда отырғаны айтылды.