Жамбыл облысында жаңа жол пайдалануға берілді

0
1 227

Тасжол бірнеше елді мекен мен Қордай асуын айналып өтеді


Жамбыл облысында жаңа жол пайдалануға берілді

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында Батыс Еуропа - Батыс Қытай автожолының Алматы-Ташкент-Термез бағытындағы бөлігі қолданысқа берілді, деп жазады 24.kz.

Тасжол бірнеше елді мекен мен Қордай асуын айналып өтеді. 80 шақырымдық автомагистральдің биыл екінші кезеңі аяқталды. Оның тең жартысы өткен жылы пайдалануға берілген еді. Бірақ қалған 40 шақырымының құрылысы бітпегендіктен, көліктер ескі жолмен қатынап келді. Бұл әсіресе транзит көліктерге қиындық туғызатын.

«Елді мекендердің ішімен жүру көп уақыт ұстайды. Жаяу жүргіншілер бар. Жылдамдықты 40-тан асыра алмайсың. Әсіресе, қыс мезгілінде қауіпті. 22 тоннаға дейін жүк артылған көлікпен асудың ішімен жүру аса қиын. Талай жантүршігерлік апаттарды көзбен көрдік», - дейді көлік жүргізушісі Дмитрий Лещенко (Украина).

Қордай аудандық автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейірхан Оңалбаевтың айтуынша, Қордай ауданына бұл жақсы жаңалық болып отыр.

«Көліктердің жол жабындысын талқандауына байланысты жылда жөнделетін. Қазір Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізі ашылып, қуанып отырмыз. Қордай ауданына бұл жақсы жаңалық болып отыр», - дейді Оңалбаев.

Биыл күре жолдың жалғасы ретінде «Отар-Ұзынағаш» бағытындағы 16 шақырымдық жолдың құрылысы басталды.Жобаны 2021 жылы аяқтау жоспарда бар.